Мейірім мекені

Кең болсаң, кем болмайсың. Астана қаласының мамандандырылған балалар үйі қызметкерлерінің өмірлік ұраны міне, осындай. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында елорда әкімдігі ресми сайтының тілшілері аталмыш мекемеге сапарлап, оның тыныс-тіршілігімен танысып, ұйымшыл ұжыммен әңгімелесіп қайтты

Әрине, мұның барлығы жалғыз сәбидің жеңісі емес, бар ұжымның, топтық жұмыстың нәтижесі. Мамандандырылған балалар үйі ұжымының барлық мамандарын мына дүниедегі періштеге теңесек, артықтық етпес. Тағдыр тауқыметін кешіп жүрген балаларға бақытты өмір мен денсаулық сыйлайтын дәрігерлерге мың да бір алғыс. Жүректеріңіздің нұры сөнбесін! Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» – емдеу және алдын алу функцияларын жүзеге асыру үшін ұйымдық құқықтық нысанында құрылған, коммерциялық емес мекеме. Мекеме қызметінің міндеті – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, жас аналардан туған балалар мен некесіз туған балаларды, сонымен қатар ойлау және физикалық дамуында ақауы бар балаларды тәрбиелеу және медициналық көмек көрсету. Мұнда балалар 4 жасқа дейін тәрбиеленеді.

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», деп кезінде ұлы ақын Абай жырлап еді. Мамандандырылған балалар үйі қызметкерлері, тас бауыр ана мен мұз жүрек әкенің қайтпас шешіміне бола отбасыдан, алаңсыз балалық шағынан айырылған бүлдіршіндерді тәрбиелеп күтуде осы қасиеттерді тұмар ету қажет дейді. «Ең ауыр жұмыс кіші медициналық персоналдың мойнында. Бұл жұмыс, әсіресе, моралдық тұрғыда қиын. Мәселен, ауыр дертке шалдыққан балалардың күтімі – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Осында жұмысқа тұруға келген азаматтардың барлығы бізде қалмайды. Психологиялық дайындықтан бұрын, адам бойынан мейірім, өмірге, жалпы балаларға деген зор махаббат табылуы тиіс. Бірақ, аяушылық сияқты сезім мүлде болмауы керек», – деп түсіндірді балалар үйі бас дәрігерінің орынбасары. Анаргүл Смағұлова, сондай-ақ, таяуда балалар үйінде отбасылық моделі бар екі топтың ашылғандығын мәлім етті. Бұл мамандандырылған балалар үйі мен Астана қаласындағы Ана үйінің бірлескен жобасы екен. Топта жасы әртүрлі 7 бүлдіршін тәрбие алады. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі балалар да бар. «Америкалық ғалымдарының пайымынша, бұл өте тиімді жоба. Себебі, мұнда балалармен тек екі тәрбиеші жұмыс істейді. Мысалы, қарапайым топта бала үш жыл ішінде жүздеген адамдармен байланысқа түсуге мәжбүр болса, арнайы топта отбасы моделінің не екендігін түсінеді. Дәлірек айтсам, бұл оның психологиялық денсаулығына оң әсерін береді», – дейді ол. Тәрбиеші Маржан Мейіржанованың сөздеріне қарағанда, осы жоба енгізілген екі айдың ішінде өз жемістерін беріп үлгерген. «Мүмкіндігі шектеулі балалар эмоциясын жиі білдірмейді. Даун ауруына шалдыққан бір баламыз отбасылық үлгідегі топтың арқасында өз сезімдерін шамалы болса да білдіре алатын болды. Тағы да бір жүре алмайтын сәбиіміз жүресінен отыра бастады. Бұл біз үшін – үлкен жеңіс», – дейді Маржан Мейіржанов.

Мамандандырылған балалар үйінің тәрбиеленушілері бассейнге, ЖДТ жаттығуларына барып, логопед, психолог, дефектолог сынды мамандардан сабақ алады. Алмагүл Смағұлованың айтуына қарағанда, қызметтердің бұл түрі осындағы балғындар үшін ғана емес, ауыр кеселі бар басқа сәбилер үшін де көрсетіледі екен. «Осы жылдың сәуір айында бізде мүмкіндігі шектеулі бөбектерге арналған күндізгі топ ашылды. Оңалту шараларынан 8 бала өтуде. Олар заманауи құрал-жабдықтарда тиісті жаттығу жасап, білікті мамандардан кеңес алады. Емдік курс 3 айлық мерзімге лайықталған. Келушілер емдік қызметтерді еш ақысыз, тегін алады», – деп мәлімдеді Анаргүл Смағұлова.

Балалар үйінің медициналық персоналы тәулік бойы жұмыс істейді. Ақ халаттылар балалардың барлығын өзінің жіті бақылауына алған десек, қателескендігіміз емес. Сағат таңғы тоғызда жұмыс орнына келген олар өз күнін балғындардың денсаулығын тексеруден бастайды. Дәрігерлер балғындарды қарап болған соң, олардың әрқайсысына әртүрлі ем тағайындаса керек. «Әр дәрігердің өзінің тобы бар. Бізде мүмкіндігі шектеулі балалар да тәрбиеленеді. Олардың әрқайсысының диагнозы әртүрлі ғой. Сондықтан, әр сәбиге деген ықыласымыз ерекше. Дәрігерлеріміз алма-кезек ауысып, сенбі, жексенбі күндері де кезекшілікке шығады. Станционарымыз жоқ болса да, балаларымыз тұмау сияқты қауіптілігі төмен ауруларға шалдығып қалса, оларды өзіміз емдейміз. Мейірбикелеріміз тиісті дәрі егеді, қажетті процедуларды жасайды», – дейді Астана қаласы мамандандырылған балалар үйі бас дәрігерінің ем-профилактикалық жұмысы жөніндегі орынбасары Анаргүл Смағұлова.

Басқа балалар үйлеріне қарағанда Астанадағы дәл осы үйдің тәрбиеленушілері зерделі зейінді, ұқыпты күтімді талап етеді. Өйткені, мұнда тастанды сау балалармен қатар, ауыр дертке шалдыққан бөбектер де тәрбиеленеді. Сол себепті, Астана қаласы мамандандырылған балалар үйінде тәрбиешілермен бірге, ақ халатты мейірбан жандар қызмет етеді.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz