Астананың еліктірер қысқы ертегісі

Әрбір ересек адам бір сәтке болса да, бала болғысы келеді. Балалық шаққа саяхат жасауға мұздағы ойын-сауық үшін «қысқы ертегіге» енетін балалар көмектеседі. Аюдың апаны, барыс тауы, миньондар, пингвиндер. Астананың мұз қалашықтарында тағы да қандай кейіпкерлер мен фигуралар пайда болады?! Осы жөнінде Астана әкімдігі ресми сайты тілшісінің материалынан оқыңыздар.  


Астана өзінің қыс кезіндегі түрлі қызықтарымен қуанта алады. Мұз қалашықтар әдеттегідей «Хан Шатыр» ОСО, Есіл жағалауына, Жерұйық пен Арай саябағында орнатылады. Онда сырғанайтын арнайы заттарды алып барып, төбешіктен төменге құлдилауға, коньки мен шаңғы тебуге болады.


Алдымен «Хан Шатыр» маңында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы ұйымдастырылған мұз қалашықтан бастайық. Әр түрлі фигуралар мен төбешіктердің, декорациялардың көптігі – осы жылдың ерекшелігі. Төбеден сырғанауды ұнатушылар үшін мұнда барыс бейнесіндегі биіктігі 5 метрден асатын екі төбешік пен аюдың апаны сияқты ерекше екі төбешік жасалған.  


Мұз қалашықта дәстүрлі түрде Аяз Ата мен Ақшақардың да мұз мүсіндері бой көтереді. Аққала мен келер жылдың иесі сүйкімді торайдың да мүсіні де қойылмақ. Сонымен қатар, мерекеге сай безендірілген креслосы бар фотоқабырға, мұз үйшіктер пайда болады. Ал әзірге мұнда төбешіктерді орнату, мүсіндерді кескіндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр.


-

Пирамида ауданында бірден екі орынға барып, демалыс күндері мен каникулды көңілді өткізуге болады. Оның бірі – Астанадағы ең биік төбешік. Ол Бейбітшілік және келісім сарайының алдына орнатылған. Жанында шырша мен тюбингтер жалға берілетін дүңгіршіктерді орнатуға арналған жер дайындалып жатыр.


Сәл алысырақ жерде Президент саябағы орналасқан. Ол орынды сырғанайтын төбешікке алып баратын ағаш көпір арқылы бірден тануға болады. Мұз төбешіктің ерекшелігі оның барлық жағынан тюбингпен де, пластмассадан жасалған арнайы «сырғанақпен» де сырғанай беруге болады.


Балалар ғана емес, ересектер де сырғанай алатын дәстүрлі демалыс орындарының бірі – Есіл өзенінің жағалауындағы төбешіктер. Төбешіктен сырғанап түскен адам бұл сезімді ұмыта алмас. Сондай-ақ бұл жерде бананға отырып сырғанауға, шаңғыны жалға алуға және бұғылар мен хаски иттері жегілген шаналарға отырып серуендеуге болады. Төбешіктер дайын болғанша, балалар тюбингтерді жалға алып, өзен бойындағы жасақталған қар үйінділерінен сырғанап жатыр.  


Астана қысқы форматқа ауысып өзінің #AstanaWinterland интерактивті алаңын іске қосты. Жаңа форматтағы қысқы ойын-сауық хештегі астананың тұрғындары мен қонақтарына арналған. Оның ішіне 12 тақырыптық алаң, 32 мұз айдыны, 36 мұз төбешік, 400-ден аса шара енгізілген. 

Қаланың әр тұрғыны мен қонағы төменде көрсетілген мұз айдындарының бірінде суретке түсіп, оны әлеуметтік желілерге  #AstanaWinterland хештегімен іліп «қысқы ертегінің» бір бөлшегіне айнала алады.

Жылдың ең әдемі, ғажайып сәті келіп жетті. Үйде отырмаңыздар, балалық шақты еске алып, оны өз балаларыңызбен көңілді де қызықты етіп өткізіңіз. Мұз айдынына барыңыз, шаңғы тебіңіз, достармен бірге мұз төбешікке шығыңыз. Себебі, бұдан алатын шаттық эмоциясына ештеңе жетпейді!


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz