Күннің ыстығына, аязына және боранға қарамастан елордада тазалықты кім жүргізеді?

Қаладағы тазалық және қар, көктайғақпен күресте бізге байқала бермейтін жандардың қажырлы еңбегі жатыр. Астана қаласы әкімдігі сайтының тілшісі ала таңнан кеш қарайып күн батқанша, тіпті түнде де қала көшесін тазалап, тазалықты қадағалап жүретін жандармен тілдесті.


Коммуналдық сала жұмыскерлерінің жұмыс күні таңғы сағат 6-дан басталады. Сағат 10:00-де бригада екі сағаттық демалысқа шығады, содан кейін сағат 12:00-15:00 аралығында қайта жұмысты жалғастырады. Сағат 15:00-де екінші бригада жұмысқа кіріседі.


«Біздің жұмыс өзіңіз көріп тұрғандай ауыр, қиын. Жазда күннің ыстығына қарамай, ал қыста боранға, аязға қарамай жұмыс істейміз. Қазір қар тазалап жатырмыз, ал арнайы техникалар келіп, қарды қала сыртына шығарады», -дейді жұмыскер Серік Мәлікқажы.


Жұмыскерлер күн райы қалай құбылса да жұмысқа шығады, қатты жел, боран, аязға қарамастан далада жұмыс істеу үшін мықты денсаулық керек.


«Жалпы адамдар көшеде қоқыс шашпаса қаламыз таза болар еді. Түрлі адамдар жолығады, кейбір жандар көзімізді бақырайтып қойып көшеге қоқыс тастай салады, кейбірі жекіп, сөйлеп кетеді. Бірақ, адамдар әр түрлі ғой. Біздің осы ауыр еңбегімізді бағалап, түсіністікпен қарайтын жандар да бар», - дейді Серік Мәлікқажы.

Серік Мәлікқажының осы жұмыста еңбек етіп жүргеніне көп жыл болған. Жұмысының ауыртпалығына қарамастан бір түйір нанымды маңдай тер, адал еңбекпен тапқанға не жетсін дейді.

«Біз бас қаламыз - Астананың таза, әдемі болуы үшін еңбек етеміз. Біздің жұмыс қала үшін, тұрғындар үшін қажет. Мен үшін Отанымды, өз жерімді жинау, тазалау ар емес», - дейді кейіпкеріміз.


Елена Ковтунның осы жұмысқа шыққанына бір ай ғана өткен. Ол жұмысындағы ауыртпашылық алғашқы қар жауғанда болды дейді.

«Мен үшін ең ауыр болғаны, енді жұмысқа шыққанымда алғашқы қар жауып, соны тазалау болды. Ал қазір үйреніп алдым. Қар жауса алғашқы жұмысқа шыққан күнім есіме түседі және біз үшін ауыр күн болатынын ойлаймын», дейді Е. Ковтун.


Қаламыздың таза, әдемі болып тұрғаны бәрімізге ұнайды. Ал ол әдемілік пен тазалықты сақтап тұруға атсалысу барлығымыздың қолымыздан келеді. Ол үшін әрбір қала тұрғыны қоқыс шашпай, қоршаған ортаны аялап, әдемілігіне сүйсіне жүрсе, Астанамыз да жайнап тұрары сөзсіз. Себебі, бұл қала әлемге танылған – Астана!


-

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz