Астанада бас шыршаның шамдары жағылды

Осы жылғы ерекшелік бас шыршаның шамын жағу салтанатымен қатар қаладағы барлық шыршалардың шамдары бір мезетте жағылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Бас шырша былтырғыдай ЭКСПО көрмесінің аумағында орналасты. Оның биіктігі – 25 метр. 


Салтанатты шараға қала әкімі Бақыт Сұлтанов қатысты.


«Құрметті қала қонақтары мен тұрғындары! Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Шырша шамдарын жағудың биылғы басты ерекшелігі қала бойынша орнатылған 12 шыршаның шамы бір мезгілде жағылады. Бас шыршаның шамын жағу дәстүрі – қаламыздың бас құрылысшысы, жаңа астананың негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев салған ізгі дәстүр. Бүгін біз Елбасының тапсырмасымен Жаңа жыл қарсаңында сіздер үшін көтеріңкі көңіл күй сыйламақпыз», - деді салтанатты шарада сөз сөйлеген әкім Бақыт Сұлтанов.


Бас шырша былтырғыдай ЭКСПО көрмесінің аумағында орналасты. Оның биіктігі – 25 метр. Жаңа жылдың символын безендіру үшін 200-ден аса қар ұшқыны, 1200 түрлі-түсті шар мен 4000 метр гирлянды жұмсалды. Шырша шамдарын жағу салтанаты барысында қазақстандық әртістердің қатысуымен концерт өтті. ЭКСПО көрмесі аумағында аниматорлар мен алып қуыршақтар кішкентай көрермендердің көңілін көтерді.


Бас шырша шамдарын жағу іс-шарасынан бөлек келушілер керемет отшашудың куәгері болды.


Естеріңізге сала кетейік, барлық алаңдар AstanaWinterland жобасы шеңберінде ашылуда. Жоба аясында 12 тақырыптық алаң, 32 мұз айдыны және 36 мұз төбешік қаланың түрлі аудандарында ұйымдастырылды.


Жалпы алғанда барлық ойын-сауық орындарында 400-ден астам іс-шараны өткізу жоспарланған. Олардың арасында спорттық жарыстар, ұлттық тағамдар жәрмеңкелері, мәнерлеп сырғанаудан шеберлік сабақтары, көңілді алаңқайлар, «пимамен хоккей», жаңа жылдық ертеңгіліктер, «Шырша фест» фестивалі және басқалар бар.

Әрбір адам «қысқы ертегінің» бір бөлігі болуына мүмкіндік жасалған. Суреттерді әлеуметтік желілерге #AstanaWinterland хештегімен жүктеуге болады.  


Елордалықтардың демалыстарын белсенді өткізуге арналған орындардың бірі сырғанақтар мен мұз қалашықтары екені белгілі. Осы жылы мұз қалашықтар қаланың мына бөліктерінде орналасады: «Хан Шатыр» СОО, әкімдіктің алдындағы Қалалық алаң және Ботаникалық саябақ аумағы, «Қазақ елі», Есіл өзені жағасы, «Жерұйық» саябағы, Ақбұлақ өзені жағасы, «Алатау» СК.

Сонымен қатар, «қысқы ертегіні» қаланың шеткі бөліктерінде тұратын тұрғындар да қызықтай алады. Мәселен, қысқы мерекелік ертеңгіліктер «Жағалау» ТК, «Көктал-1» ТА, «Ильинка» ТА, «Өндіріс» ТА, «Рахмет» СҮ аудан аумағы,  «Кирпичный» ТА, Қосшығұлұлы көшесі тұрғындары үшін де ұйымдастырылмақ.

Айта кетерлік жайт, Астананың түрлі аудандарында орналасқан барлық шыршалардың шамдары бір мезетте қосылды.


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz