Ана махаббаты шипалы

Жанар Байжулдинова өзі тағдыр сынына іліксе де, бала асырап алған. Бір жасқа толған ұлы эпилепсия сырқатына шалдыққан кез еді. Соған қарамастан, ол түрлі сырқаты бар төрт айлық қыз баланы асырап алады. Уақыт өте келе екі бала да сыртқатынан айығады. «Бұл Алланың берген бағы», - дейді қазір он бір баланы тәрбиелеуші ана.

Жанар – сегіз бала асырап алған мейірбан жан.


Бүгін ол жеке заңгер болып жұмыс істейді, басқа да ата-аналарға қуана-қуана көмектесіп, оларға құқықтық қолдау көрсетіп отыр.


Бірінші бала Дарияны ол өзінің ұлы Даниал сыртқаттанған кезде асырап алған.

«Даниал бір жасқа толғанда сырқаттанып қалды. Жалпы отбасында бала осындай ауыр сырқаттанып қалса, үлкендер мұндай жағдайдың не себепті өздерінің жанұясында орын алғаны туралы ойланады. Мен де сол сұраққа жауап іздедім,  бірақ таппадым. Даниал әлсіз, аурушаң болды. Осы кезде үлкен қызым мені қолдап, біз Даниалға қарындас болсын деп, қыз баланы асырап алуды шештік.


Нәресте небары төрт айлық еді. Кейін Дарияда да түрлі сырқаттар анықтала бастады.

«Оның жүрегі және иммунитеті өте әлсіз болды. Біз ұзақ емдеп, нәтижесін күттік. Кейін біраз уақыт өткен соң ұлымның сырқаты жазылғанын байқадым. Дәрігерлер Даниалдың сауыққанын растады. Сонда мен сырқаты бар балаға көмек жасағаным үшін Алла қарасты деп ойладым. Жарты жылдан соң Дария да сауыға бастады», деп еске алады Жанар.


Балалар өсе бастаған соң бірге ойнайтын болды.

Соны байқаған Жанардың үлкен қызы Аружан тағы бір балалармен құрдас қыз бала асырап алайық деп өтініш айтқан. Сөйтіп, Таянаны асырап алыпты. Қыздар қайда барса да, жұптары жазылмайды. Киноға, бассейнге, тенниске бірге барады, бірге велосипед тебеді. Біраз уақыт өткен соң Байжулдиновтар отбасысы тағы алты баламен толығады. Жанар екі Светлананың, Мариям, Михаил, Захар, Аделиннің анасы атанды.


«Олар қашанда біздің бірге екендігімізді білсе екен. Мен үшін ең маңыздысы – сол. Үй шаруасы барлығының арасында бөлінген. Жұмысқа, бір-бірін қадірлеуге тек бір отбасында тұрып қана үйретуге болады», - дейді ол.


Жасөспірімі бар кез келген отбасыда балаларды тәрбиелеуде қиындықтар  болады. Көпбалалы анаға олардың түрлі зиянды әдеттерімен күресу оңайға соқпады. Қыздардың бірі анасына өтірікті көп айтып, ұрлық жасайтынды шығарыпты. Тәрбиелеудің барлық амалын жасаған Жанар қыздың туған анасын тауып алуға бел буса керек.    

«Неге екенін білмеймін, мен туған анасын тауып алуым керек деп шештім. Ол көмектеседі деп ойладым. Туған анасы барда өзін қалай ұстайтынын көргім келді. Ол ойым дұрыс болып, көмектесті. Қыздың мінезі жақсы жаққа өзгерді. Анасы өткен шақта болды ғой, ал балаға өткен шақты қалпына келтіру маңызды», - дейді Жанар.


2017 жылы біздің кейіпкер университетте бірге оқыған Жәнібек Қабановпен отбасын құрды. Қазір Жанар жолдасымен бірге балаларды тәрбиелеп, өмір қиындықтарын жеңуде.


Сонымен қатар, Жанар өзі 2012 жылы ашқан клубта балаларды асырап алу жөнінде тренингтер өткізеді, құқықтық және психологиялық кеңестер береді.

«Мен бала асырап алғысы келетін ата-аналарға консультация, кеңес бере бастадым. Адамдарға көмектескім келді. Мен көмек берген отбасылар саны арта бастады, қазір олар жүзге таяу болып қалды», - дейді ол.


Оның айтуынша, бала асырап алам деген ата-аналарды дайындықтан өткізу керек. Егер ата-ананың дайындығы дұрыс болса, асырап алған балаларды қайтадан тапсырмайтын болады.

«Бала асырап алғысы келетін ата-аналарға мен бәрі бірден жақсы болып кетпейтінін айтамын. Қиындықтар көп болады. Ал оларға дайын болу керек. Бастысы олар бүлдіршіндерді эмоцияға салынбай, өз жүректерінің қалауымен алса екен. Балалар үйінен бала асырап алмас бұрын, қамқорлық жасау туралы кітаптар оқып, осы салада тәжірибесі бар ата-аналармен сөйлесіп, кеңескен дұрыс. Баланы асырап алудың себебін анықтап алып, соны нақтылап, ары қарай қадам жасау керек», - дейді Жанар Байжулдинова.  


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz