Тәуелсіздік – еліміздің басты құндылығы

Тәуелсіздік. Бұл ұғымға батыр халқымыз жаулардан қорғап қалған Қазақ елінің дархан даласы, азаттық үшін күресте төгілген бабаларымыздың қаны, аналарымыздың жасы, ұлтымыздың қасиетті тілі, салт-дәстүрі саяды. Ата-бабаларымыз бізге аманат  еткен баға жетпес байлығымыз, асыл мұрамыз – осы тәуелсіздік. Оның арқасында Қазақстан бүгін биік шыңдарды бағындырып, әлемнің дамыған мемлекеттерімен терезесі тең ел болды десек, артық айтқанымыз емес.

Тәуелсіздіктің арқасында әр салада қызмет ететін ел азаматтары да толағай жетістіктерге қол жеткізуіне зор мүмкіндік алды. Азаматтарымыз үшін «Тәуелсіздік» ұғымы нені білдіреді екен?  

Астана қаласы әкімдігі ресми сайтының тілшілері түрлі салада еңбек етіп, елеулі жеңістерге жеткен еліміздің танымал тұлғаларымен әңгімелесіп, осыны біліп қайтты.

«Ел тәуелсіздігі – халқымыздың өз алдына дербес мемлекет болуы, баба арманының орындалуы, ата-әжелеріміздің қайғысыз көңілі, балаларымыздың риясыз күлкісі, тұтас елдің береке-бірлігі, тыныштығы», - дейді Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Гүлмира Сарина.


Ол тәуелсіздіктің төл өнерімізді қайта түлетуге жол ашқанын айтады. «Тәуелсіздік бізге көп жетістік сыйлады. Азат күнде таңымызды алаңсыз атыруымыз, көк туымыздың биікте желбіреуінің өзі зор жетістік. Өнер саласында жүргеннен соң, Тәуелсіздіктің ұлт өнері мен мәдениетіне бергені мен берерінің көп екендігін айта кетуім керек. Төл өнеріміздің қайта түлеп, қасиетті мұрамызды түгендеп, тарихымызға үңіліп, жоғалтқанымызды табуымыздың бәрі Тәуелсіздіктің арқасы. Сахнада еркін ән салуымыз, өнерімізді халыққа танытуымыз еркіндігіміз болмаса, бүгінге жетпес едік. Ұлттық құндылықтарымызға тереңінен үңіле бастауымыз да бүгінгі күннің жемісі деп білемін», – дейді әнші.


Республикамыздың еңбек сіңірген спорт шебері, боксшы Болат Жұмаділовтың айтуынша, 1991 жылы еліміз үшін спорт әлеміне енудің зор мүмкіндігі пайда болған.

«Тәуелсіздік – зор бақыт, байлық. Спорт саласы жайлы айтсам, 1991 жылдан бері спортшыларымыз әлем чемпионаттарында егемен Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, көк туымызды желбірету мүмкіндігін алды.  Осы жолда олар намысымызды абыроймен қорғап, үмітімізді ақтап келеді. Біздің елдің спорт майталмандарының есімдері жер жүзіне әйгілі десем, артық айтпаймын. Жаңа дербес «Қазақстан» мемлекетін әлемге таныту, оның атын жер шарына паш ету сияқты мүмкіндік маған да бұйырды.  Жеңіске жету, жеңіс тұғырынан Қазақ елінің Әнұранын шырқау – сөзбен жеткізілмейтін ерекше сезім. Бұл – мен үшін аса үлкен мәртебе. 

Жалпы еліміздің тарихи жетістіктеріне қазақстандық əрбір маманның қосқан үлесі мол деп есептеймін. Отанымыздың, қай саладағы болмасын асар асуы, бағындырар белестері мен шығар шыңдарының әлі де көп болатынына еш күмәнім жоқ», - деді Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері.


Ол тәуелсіздігіміздің тұғырлы, елдігіміздің еңселі болуын, барша қазақстандықтарға зор денсаулық, әр шаңыраққа бақ пен береке, еңбекте толағай табыс тіледі.



Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Айман Досымбаева араб жазба деректерiнен мысал келтіре отырып, Түркі халықтарының Отанды сүюдегі ерекшеліктерін тілге тиек етті.

«Тәуелсiздiк күнiмен құттықтай отырып, ертеде жазылған араб жазба деректерiндегi Түркі халықтары туралы мәлімет ойға келді. Онда былай жазылған: түркі халықтарының басты ерекшелігі – Отанды сүюі. Олар қай жерде жүрсе де, Отанын сағынады, тіпті сағыныштан өліп кетуі де мүмкін. Мұндай сезімнің қалыптасуына туған жердің таулары, өзен-көлдерi әcер етеді. Өз елін шексіз сүйетін тұрғындары бар мемлекет гүлденеді. Біз Отанымыз Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін мақтан етеміз. Туған елінің егемендігін қасық қаны қалғанша қорғайтын ұландардың өсіп кел жатқанына сенемін», - дейді ғалым. 


Еліміздің басқа азаматтары сияқты Астана «Жастар» театрының өнерпазы, кино актері Дәурен Серғазин де тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатқанын мақтан тұтады. Ол азат ел тарихындағы Елбасының елеулі рөлі мен зор еңбегін тілге тиек етіп, отандастарымызды ұлық мерекемен құттықтап қойды.


Ал осы егемендігімізді сақтап, ұлықтау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету біздің, бізден кейінгі інілеріміздің қолында. 1991 жылдан бастап бүгінге дейін халқымыздың, мемлекетіміздің қол жеткізген барша белестердің көпшілігі – осы Тәуелсіздіктің арқасы. Бұл – ең бірінші Елбасымыздың, екінші халқымыздың үлкен еңбегі, табысы. Біз осы тыныш аспан астында, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымызды мақтаныш етеміз. Барша қазақ еліне саналы, дені сау ұрпақ тілеймін. Аспанымыз ашық болсын! Билікте жүрген ел ағалары аман болсын, үлгілі отбасылар, жас отбасылар көбейсін! Тәуелсіздігімізді сақтап қалуға, алып жүруге жігер тілеймін!», - деп білдірді лебізін Дәурен Серғазин.

1991 жылдың 16 желтоқсаны – халқымыз үшін ақ түйенің қарны жарылған киелі күн, халқымыз бақыт құсын қолына қондырған күн. Елімізде жүзден аса этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешуде.Бүгін тәуелсіз еліміздің туы күннен-күнге биіктеп, халықаралық аренадағы беделі күн санап артып келеді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман деген осы болар?! Бұл еліміздің әр азаматының көңіліне қуаныш ұялатып, қиялына қанат қақтыратыны хақ. Ендеше, ұлық мереке – Тәуелсіздік күні баршамыз үшін құтты болғай, ағайын! 


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz