Бақыт Сұлтанов Жаңа жыл қарсаңында Қарттар үйі мен балалар үйіне барды

Қала әкімі Жаңа жыл қарсаңында қарттарға және мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеге, балалар үйі мен мамандандырылған балалар үйіне барып қайтты, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.


Астана әкімі «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына сыйлық ретінде 700 мың теңгелік сертификатты табыс етті.


 «Сіздерді келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын! Бұл мекемеде сіздер үшін жайлы әрі жақсы жағдай жасалуда. Сіздерге медицина жағынан да, бос уақыттарыңызды өткізу жағынан да қамқорлық көрсетілуде. Сіздерге денсаулық, шығармашылық табыс пен ұзақ ғұмыр тілеймін!», - деді Бақыт Сұлтанов қарияларды құттықтап. 


Бұдан кейін қала әкімі балалар үйіне барып, тәрбиеленушілерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.


Қазір мұнда 4 пен 18 жас аралығындағы 80 бала тәрбиеленіп жатыр.


«Сендердің алға ұмтылып, үлкен бір отбасының балаларындай бірігіп, жетістіктерге жетулеріңе тілектеспін. Жаңа жыл сендерге тек қана бақыт, табыс, қуаныш пен жаңа жеңістер әкелсін!», - деді қала әкімі. Сондай-ақ, құр қол келмеген әкім балаларға компьютер мен басқа да бағалы сыйлықтар, тәттіге толы себеттерді сыйға тартты.

«Біз жыл бойы балалар үйін балаларды қолдау орталығына айналдыру жұмыстарын жүргіздік. Бұл ең алғашқы пилотты жоба болмақ. Оның аясында балаларды бейімдеу, балаларды дамыту, балаларды отбасына орналастыру және отбасын қолдау сияқты 4 орталық құрылатын болады. Біз мұнда балалардың дамуы мен өсуіне, оқуына барлық жағдай жасау үшін қыруар жұмыс істедік», - деді балалар үйінің директоры Динара Закиева.


Сондай-ақ, осы күні Бақыт Сұлтанов мамандандырылған балалар үйінің тәрбиеленушілерін де меркемен құттықтады. Ол мекеменің ұжымымен кездесіп, медиктерді және балалар үйінің бүлдіршіндерімен кездесіп, мерекелік кешке қатысты.

Қала әкімі балалар үйінің тәрбиеленушілері мен медиктерді құттықтап, мерекелік кешке қатысты.


Кездесу барысында Б. Сұлтанов Балалар үйінің ұжымымен қаржылық қамтамасыз ету, әлеуметтік педагогтардың жалақысы мен тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. 


«Бүгін біз жалақы мен тұрғын үй сертификаты  мәселесін талқыладық. Сіздер «7-20-25» бағдарламасы аясында 100 тұрғын үй сертификаты бөлінгенін білесіздер. Біз оны әлеуметтік сектордағы мамандарға бөлеміз. Бұл – білім, денсаулық сақтау салаларының, әлеуметтік салалардың мамандары, полиция қызметкерлері. Осылайша, сіздерге қолдау көрсетпекпіз. Алдағы уақыта арнайы бағдарлама әзірленетін болады. Бұл мәселе кешенді шараларды талап етеді», - деп түйіндеді сөзін Б. Сұлтанов.

«Мұнда өз ісіне адал, айналаға бейжай қарамайтын адамдар жұмыс істейді. Сіздердің осы жолда күштеріңіздің сарқылып қалмауын тілеймін. Жаңа жылда баршаңызға шыдам, денсаулық, жаңа жеңістер мен жетістіктер, игіліктер тілеймін. Балаларымыз аман болсын», - деді ол.


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz