Шахерезадаға қонаққа барғыңыз келсе...

Елордада шығыс сарынында мұз қалашығы тұрғызылды. Қала тұрғындары мен қонақтары Ботаникалық бақтағы мұз қалашығына барып, шығыс ертегі әлеміне саяхаттай алады. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.


Қалашықта мұздан жасалған шығыс ертегілерінің кейіпкерлері мен іші гүлге толы мүсіндер жағалай қойылған. 


Одан әрі алдыңызда түрлі-түсті гирляндалармен безендірілген көпірге көзіңіз түседі. Ерекше мұз мүсіндермен әрленген бақтағы көрініс көзді жаулайды.

-


Мұз төбешіктің құрылысы да аяқталуға жақын.




Дегенмен қыстың қытымыр мінезі көңіл көтеруге кедергі болмас. Ботаникалық бақтың аумағында конькилер мен тюбингтер жалға беріледі.




Ал құмыра бейнесіндегі жарықшамдар мен шығыс сарынындағы кескіндер қысқы бақтың ажарын аша түседі. Мұнда балалар мен ересектерге арналған мұз айдыны да бар.




Астана тұрғыны Ботагөз Әмір ұлы Арланмен бірге серуенге келді.

«Біз Ботаникалық бақтың жанында тұрамыз. Мұнда осындай тамаша мұз айдыны пайда болғанына қуаныштымыз. Балаларыммен ашық аспан астындағы демалысты жақсы көремін. Ауа райы жылы болса, үйде отырмау керек. Таза ауамен тыныс алу керек. Мұнда шаңғы трассалары да пайда болды. Енді біз шаңғы тебу туралы ойланып жүрміз», – дейді ол.

AstanaWinterland – Астанадағы қысқы ойын-сауық жаңа форматының хэштегі. Ол 12 тақырыптық алаң, 32 мұз айдыны мен 36 мұз төбешігін қамтиды.


Соңғы әрлеу жұмыстары аяқталған соң Ботаникалық бақ елорда қонақтары мен тұрғындарына есігін айқара ашады. Шығыс үлгісіндегі мұз қалашығы жаңажылдық көңіл-күй сыйлайтынына сеніміміз мол.


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz