Әзілқой жүргізуші өз ісінің үздігі атанды

Жұмыс барысында Марат Фазылов жолаушылардың көңілін көтеріп отыруға тырысады, жол ережесін сақтау міндетін туралы да ұмытпайды. Оның экипажы бірнеше рет жолаушылардың алғысына бөленген. Сол себепті Фазыловтың қаламыздың үздік қоғамдық көлік жүргізушісі атануы кездейсоқтық емес.


Астанада қоғамдық көліктің үздік жүргізушілері анықталды. Үздіктер қатарынан табылу үшін мына талаптарға сай болу керек: бірде-бір жол-көлік оқиғасына тап болмау, жолда жүру ережесін бұзбау, ең бастысы –жолаушылардың алғысы. Үздік атанған жүргізушімен әкімдік сайтының тілшісі әңгімелесіп қайтты.

Марат Фазылов қоғамдық көлік жүргізушісі болып 20 жыл жұмыс істейді.

«Мен 1998 жылдың ақпанынан жұмыс істеймін. Алғашқыда троллейбус жүргіздім. Соңғы троллейбустар қалада 2005 жылы жүрді. Мен оны 1998 жылдан 2000 жылға дейін жүргіздім. Сол кезде троллейбус паркінің жағдайы жақсы болды деп айтуға қиын. Сосын D E категориясын оқып алу керек деп шештім. D санаты автобусты жүргізуге, E санаты автобусқа тіркеме тіркеуге рұқсат беру, яғни  ұзын автобустарды жүргізуге мүмкіндік береді», - дейді Марат Фазылов.


«Мамандықтың ауыртпалығы көп. Ең ауыры – ЖКО-на тап болмау. Мысалы, менің алдымдағы көлік бұрылам деп белгі берсе, менің аяғым автоматты түрде тежегішті басады. Мен тек өз автобусымдағы жолаушылар үшін емес автобусымның жанындағы барлық адам үшін жауапты екендігімді түсінемін», - дейді ол.


Жұмыстың бір ауысымы бағдар бойынша жеті айналымнан, жанармай құюға кететін уақыттан, ауқаттануға берілетін жарты сағаттық екі үзілістен тұрады. Жүргізуші екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады. 

«Қыста жұмыс істеу ауыр. Көктайғақ кезінде жүру қиынға соғады. Тәжірибелі жүргізуші барлығын алдын ала ойластырады.  Қай жерде тоқтау керектігін, автобустың алдында келе жатқан көлікпен қандай қашықтықты ұстану керектігін біледі», - дейді Марат.


Мұста Махамметов кондуктор болып Маратпен үш жыл бірге жұмыс істейді.

«Марат – өте жақсы жүргізуші. Ол алаңғасырлығы емес, баппен, жайлап жүреді. Мұндай ұзын автобусты айдауды екінің біріне сеніп тапсырмайды. Тек өте тәжірибелі жүргізуші жүргізе алады. Қыста тіптен ауыр. Мараттың жолаушыларға, маған дөрекі сөйлегенің естімедім, көрмедім де. Әркез сыпайы, қалжыңдап сөйлейді», - дейді М. Махамметов.


Сыпайы және жауапкершілігі мол жүргізушіні көп адам таниды. Оны, тіпті «көңілді жүргізуші» деп те атайды. Себебі ол қашанда жолаушылармен қалжыңдасып сөйлесіп, көңілдерін көтереді. Адамдар байланыс-орталығына хабарласып немесе басшылыққа хат жазу арқылы автобус экипажына алғыс айтып жатады.


«Таңертең бар адам жұмысқа асығып бара жатқанда оларға нағыз тәжірибелі жүргізуші қызмет көрсетуі керек. Мен автобусты осы біздің Марат секілді азаматтар жүргізсе мен еш алаңдамаймын. Кептелісте тұрғанда жолаушылардан неше түрлі сөз естуге болады. Мен қоғамдық көлік жүргізушілеріне өз атымнан және жолаушылар атынан рахметімді айтамын. Жұмыстары өте ауыр», дейді жолаушы Саят Досполов.


Ең бастысы кез-келген жұмыста кәсібилік бірінші орында. Адам осы мамандық өзіне лайық екендігін сезуі тиіс. Сонда ғана кез-келген ең қиын мамандықтың зейнетін көреді.


«Шынымды айтсам, мен сол маратпатты аламын деп тырысқан жоқпын. Менің ойынша әр адам өз ісінің шебері болуы тиіс. Бұл мамандық саған лайық екендігін білген абзал», - дейді Марат Фазылов.


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz