Қысқы ғажайып

Мұз қалашық қала әкімдігі алдында жыл сайын бой көтереді. Алайда елорда тұрғындары мен қала қонақтары жыл сайын оның жаңа келбетінің сұлулығына тамсанады.

Жаңа жылды осы алаңда қарсы алу – ескі дәстүр. Қала Целиноград деп аталған кездері қардан жасалған жануарлардың мүсіндері, қардан жасалған түрлі фигуралар мұз қалашықтың ажарын аша түсетін. Қаладағы жалғыз алаңдағы бұл мұз қалашық ол кезде «Қар қалашық» деп аталған-ды.  


Бүгін Астанада жаңажылдық демалысты көңілді өткізуге арналған орын аз емес. Биыл қысқы серуенді 12 алаңда өткізуге болады.  

Қаланың көптеген тұрғындары жаңажылдық көңіл-күйді іздеп осында келеді екен. Өйткені мұнда мұз айдыны да, биік-биік төбешіктер бар. Бұл жерге келушілер ертегімен бетпе-бет кездеседі десе де болады.


Биыл қалалық алаңдағы мұз қалашық несімен қуантпақ? Мұздан жасалған ағаштар, пингвиндер, айна пластиктен жасалған жаунарлардың мүсіндері жаңа қалашықтың сәнін келтіріп тұр.


Ең биік төбешікті күзетіп тұрған ақ аюлар Филип Пулманның «Солтүстік шұғыласы» туындысын еске түсіреді.

Ал үлкен мұз әріптерден құралған JANA JYL сөзі әдемі үйшіктер мен алып шырша ойыншықтарының арасына орналастырылған.


Айтпақшы, қалашықта орнатылған шырша да кішкентай емес. Оның биіктігі 22 метрді құрайды.


Кез келген серуен қазіргі таңда селфисіз өтпейді. Мұз қалашықта суретке түсуді ұнататындар үшін тамаша әрленген фотозона ұйымдастырылған.  Мәселен,  келушілерді мұнда камины, креслолары, үстелшесі, кітап сөрелері бар мұз қонақ бөлмесі қарсы алады.


Мұз ошақтың жанында немесе мұздан жасалған Аяз ата мен Ақшақар мүсіндерінің ортасындағы таққа отырып, суретке түсуге болады. Балалар еш кідірместен Аяз ата мен Ақшақардың алдына отыруда.

Қалашықта барлығы 11 мұз мүсін, 4 төбешік бар. Бірі аласа, бірі биік. Бірі кішкентайлар үшін, енді бірі ересектер үшін ұйымдастырылса керек. Балалардың қуанышында шек жоқ.


Төбешіктен сырғанау үшін тюбингтер, мұз айдынында сырғанау үшін конькилер жалға беріледі. 

Алаңдағы дүңгіршектерде кофе, шай, «қазы –бургер», «ет бауырсақ»,  «хотдог – бауырсақ» сияқты стрид-фудтың жаңа түрлері сатылады. Тағы да бір жаңашылдық – шеберлердің жаңажылдық жәрмеңкесі.

Олар үшін Сарыарқа ауданының әкімдігі ара ұяшықтары түрінде жасалған павильондарды ұсыныпты. Мұнда түрлі әшекей бұйымдары, қолдан жасалған ойыншықтар, фигуралы сабындар саудаға қойылған.


Мұз қалашық тәуліктің әр уақытында өзінше бір көркем кейіпке оранады. Күндіз мұз мүсіндерді күн шағылыстырса, қараңғы түсе бастаған кезде мүсіндердің барлығы түрлі түсті  шамдармен көмкеріліп, жалт-жұлт жанады.

Қалашық қыс бойы 28 ақпанға дейін жұмыс істейді.


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz