Кедергісіз спорт

2019 жылдың басынан бастап елордадағы паралимпиадалық жаттығу орталығы мүмкіндігі шектеулі астаналықтар үшін  қолжетімді. Астана әкімдігі мен «Каспий» спортты дамыту қоры арасында тиісті меморандумға қол қойылды. Бірегей спорт кешенінде өткен шарада Астана әкімдігі ресми сайтының тілшісі де болып қайтты.


2018 жылдың шілдесінде ашылған паралимпиадалық жаттығу орталығы Қараөткел шағын ауданында орналасқан. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мұндай спорт орталықтары АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Кореяда бар. Ал Қазақстанда мұндай орталық әзірге біреу.

Мұнда барлығы жан-жақты ойластырылған. Кіреберісте пандус, тактильді панельдер, келушілер үшін үш тілде аудио-сәлемдесу жазылған. Бұл құрылғының жұмыс істеуі көру қабілеті нашар адамдар үшін аса маңызды.


Дәл сол жерде мүгедектер арбасын автоматты түрде жууға арналған құрылғы орнатылған. Аталмыш құралды арба биінен Қазақстан чемпионы Ардақ Отарбаев құрастырған.

«Мұндай құрылғыны біздің орталық үшін Ардақ алғаш рет жасап, патенттеп алды. Енді көптеген мекемелерде пайда болады деп үміттенемін», – дейді паралимпиадалық жаттығу орталығының директоры Асан Тұрлыбаев.


Ресепшн жанында спорт орталығының жоспарын көрсететін мнемосұлба орналасқан. Көру проблемалары бар адамдар үшін барлық ақпарат Брайль шрифтімен берілген.


Бұл холл – кітапхана аумағы.

«Біз спорттық, мотивациялық әдебиетті сатып алдық. Мұнда кітапты үйге алып оқуға болады. Үш теледидар спортшылардың спорттық ойындарды талдай алуы үшін жасалған», – деп түсіндірді орталық директоры.


Бірінші қабатта спортшылар үшін 12 орындық, 6 екі орындық  қонақүй орналасқан. Экскурсия кезінде орталықта волейболдан Қазақстан жастар құрамасы осында тұрып, жаттығып жатты.

«Бұрын бізде команда жинау мүмкіндігі болмады. Мысалы, бір спортшы Атырауда тұрады, екіншісі Ақтөбеде. Нысандар бейімделмеген, осыған байланысты спортшылар толық ашыла алмайды. Ал қазір жаттықтырушы олардың барлығын осында жинайды, теориялық және күштік дайындықтар өткізіледі.  Мұнда олар өмір сүреді, бір-бірімен араласады. Бұл – үлкен жұмыс, осының нәтижесінде біздің волейболшыларымыз Джакартада өткен Пара Азиялық ойындарда қола медальға ие болды», – дейді Асан Тұрлыбаев.


Қонақ үйде қонақтардың қауіпсіздігі мен ыңғайлылығы үшін барлық жағдай жасалған. Таяныштар, ақпараттық тақтайшалар, Брайль шрифтімен жазылған эвакуациялау жоспарлары. Дәретханалар мен себезгі бөлмелерінде ештеңе басудың және бұраудың қажеті жоқ, барлығы сенсорлы түрде қосылады, күш салып керек емес.


Себезгі бөлмелерде, дәретханаларда, саунада, спортзалдарда медициналық қызметкерлерді шақыру түймелері бар. Орталықта спорттық дәрігер, медбике жұмыс істейді.


Мына жерде асхана: директор түсіндіріп өткендей, мұнда өз тамағын дайындамайды, дайын өнімге тапсырыс береді.

«Бірақ ас үй, тоңазытқыш, ыдыс жуатын машина бар. Кез келген уақытта тамақты жылытуға болады. Проектор орнатылған, үлкен кенеп түсіріледі, спортшылар фильмдер көре алады, сөйлесе алады. Үстел ойындары бар: шахмат, дойбы, монополия және басқалары», – дейді Тұрлыбаев.


Паралимпиадалық жаттығу орталығында үш спортзал бар: жаттығу залы, жекпе-жек залы және көпфункционалды ойын залы.

Жаттығу залының алаңы – 500 шаршы метр, ол халықаралық стандарттарға сай арнайы бейімделген тренажерлермен жабдықталған.


«Мұнда бізде бірегей жүгіру жолы бар. Қазақстанда мұндай ешкімде жоқ. Біз оны алғашқылардың бірі болып иелендік. Бірегейлігі неде? Ол 45 градусқа көтеріледі, бұл тауға көтерілуге мүмкіндік береді. Арбашылар мұнда жеңіл атлетикамен жаттыға алады. Біз жүйеге әлемнің барлық негізгі трассаларын, соның ішінде біздің Медеу мұз айдынын да жүктедік. Жақында Пхенчханда өткен Паралимпиадалық ойындарда біздің спортшы Александр Колядин паралимпиадалық жарыстан алтын медаль жеңіп алды. Ол осы жүгіру жолында жаттықты!», – дейді орталық директоры.


Орталық қабырғаларына көрнекті спортшылардың үлкен фотопринт – портреттері ілінген. Александр Колядиннің де суреті бар.

«Еден жабыны, спортзалдарының барлық жабдықтары сертификатталған, барлығы кәсіби. Мұндай төсемдерде Паралимпиадалық ойындар, Әлем чемпионаттары өтеді. Енді ол бізде де бар», – дейді ол.

Паралимпиадалық орталық парапауэрлифтинг, парадзюдо, паратаеквондо, үстел теннисі, ұлттық спорт түрлері, отырып волейбол ойнау, голбол, арбадағы би сияқты спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді.


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz