Temir tumen клубы: ғасырлар қойнауында

Тарих пәнін мектепте оқуды ұнатпағандарды да қызықтыра алады. «Temir tumen» клубы байырғы соғыс тәсілдері мен ойындарын қайта түлетеді. Осы жөнінде толығырақ Астана әкімдігі ресми сайты тілшісінің материалынан білуге болады.


Temir Tumen – тепсе, темір үзетін 10 мың жауынгерден құралған мықты әскери жасақ. Клубтағы қайта құрудың негізгі бағыты – түрлі кезеңдердегі (VII ғасырдан XVIII ғасырға дейін) түркілердің соғысы. Көпшіліктің назарына ұсынылатын шайқастарда XVI-XVIII ғасырлар аралығындағы қазақ жауынгерлерінің қару-жарақтары мен киген сауыт-саймандары қолданылады.  

Temir tumen клубының негізі 2013 жылы қаланған. Қазіргі таңда ол - еліміздің төрт қаласында бөлімшелері бар Қазақстандағы ең ірі клуб. 

«Әскери сауыт-саймандарды қалпына келтіру қайта құру, жинау кезінде біз әр дүниеге өте үлкен мән береміз.   Сондай-ақ, клубта найзамен, қылышпен айқасу сияқты спорт және жекпе-жек түрлеріне көңіл бөлінеді. Осының бәрі жастар үшін өте қызық. Адам тарихқа қызықпаса да, ата-бабамыздың жерін, ұрпағын қалай қоғағанын, қандай қарумен соғысқанын, олардың киген сауыт-сайманын білуі тиіс», - дейді «Temir Tumen» тарихты қайта жаңарту клубының төрағасы Евгений Сухотин.


Клуб тек жекпе-жек түрлері мен сауыт-сайманды жаңғыртумен бірге қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін қолдап, насихаттаумен де айналысады. 


«Шетелдік фестивальдерге барған кезде біз мүмкіндігімізше «жанды тарих» форматындағы байқауларға қатысуға тырысамыз. Қазақ халқының дәстүрлі киіз үйін құрамыз. Ал фестивальге қатысушылар сол жерде қай ғасырды көрсетіп жатсақ, соған сай киінеді, сол заманның әшекейін, қаруын ұстайды, ас мәзірі де сол заманға сай болады. Біз салт-дәстүр, тұрмыс және мәдениет арқылы Қазақстанның тарихи тамырының теренде екендігін көрсетеміз», - дейді Евгений Сухотин.


Ортағасырлық жекпе-жек – орта ғасырдағы тарихи қайта құрудың спорттық бір бөлшегі. Кейінгі 10 жылда спорттың бұл түрі бұқаралық сипат алып, халық арасында танымал бола түсті.  Ортағасырлық тарихи ұрыс бойынша халықаралық «Ұлт шайқасы» чемпионаты – әр түрлі елдерден келетін құрамалардың жауынгерлері арасында өткізілетін басты жарыс. 


Клуб жыл сайын Қазақстанда «Дала қылышы» шарасы өткізіледі. Оған көптеген елдердің командалары қатысады. Клубтардың жауынгерлері жеке ұрыстарға және жаппай шайқасқа да қатысады. Ауыр жарақат алудың алдын алу үшін жарыс алдында сауыт-сайман тексеріліп, қару-жарықты кеспейтін, өтпейтін етеді. 


«Клуб құрамына кірген соң, аптасына бірнеше сағат уақытыңды өткізіп қана қоймай, өмірдің мәнін түсінесің, өз жаныңды саласың. Адам өзінің сүйікті хоббиін табады.  Ортағасырлық қару-жарақты қолдануды үйреніп, олардың қалай жасалғаның білесі, оны өзің де жасап көресің. Тарихты оқып, өзге қалаларға сапарлап, өзің сияқты тарихқа қызыққан жандармен кездесесің. Әр жекпе-жек сайын өзіңнің сауыт- сайманыңның қай жерін жетілдіру керектігін түсінесің. Ал жарыс аяғында жеңіске жеткеніне қуанып, ортада ұрандап тұрасың. Бұл – өмірдің мәнін сезуге мүмкіндік беретін әсері өзгеше дүние», - дейді клуб мүшесі Ерназар Мекеев.  


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz