Қазақстанның жаңа астанасын салу идеясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Нұр-Сұлтан ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанның аумағы 722 шаршы шақырымнан асады, халық саны - 1 млн. адамнан астам. Қала төрт ауданнан - «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» және «Байқоңыр» ауданынан тұрады.

Нұр-Сұлтан Қазақстанның орталығында құрғақ далалық өлкеде, құрғақ бозды-бетегелі дала аймағында орналасқан. Қала аумағы аласа терраса – жайылма жер бедері түрінде келеді.

Есіл өзені елорданың басты су көзі саналады. Ауа райы күрт континентальды – қысы суық әрі ұзақ, жаз мезгілі ыстық және бірқалыпты қуаң. Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Нұр-Сұлтанды экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды.

Қала экономикасының қарқынды дамуы көптеген инвесторлар үшін тартымды болып отыр.  Нұр-Сұлтанның тартылған инвестициялардың республикалық көлеміндегі үлесі - 10%, республика экономикасындағы ЖӨӨ үлесі - 10,2%. Республикалық тартылған инвестициялардың көлеміне Нұр-Сұлтанның үлесі республика экономикасында қаланың ЖӨӨ үлесі 10,2% құрайды. Елорда экономикасының негізін - өнеркәсіптік өндіріс, көлік, байланыс, сауда және құрылыс құрайды.

Өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін/сусыншығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған.Нұр-Сұлтан Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді.

Қаланың ірі кәсіпорындары қатарында Целиноград вагон жөндеу зауытын, «Цесна-Астық» концернін,  «Тұлпар-Тальго» ЖШС жолаушылар вагонын құрастыру зауытын, «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС тікұшақ құрастыру зауытын айтуға болады.

Қала Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді – Нұр-Сұлтанда 128 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Нұр-Сұлтандықтұрғындардың орташа номинальды айлық жалақысы 154 мың теңге шамасында. 

Елорда құрылыс ауқымы жөнінен елде көш бастап тұр. Астана мәртебесін алғалы бері қалада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды.  Нұр-Сұлтан құрылысына жүздеген отандық және шетелдік құрылыс компаниялары қатысты.

«Бәйтерек» кешені жаңа елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум –  «Думан» орталығын, «Астана опера» опера және балет театрын, Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешітін, Әулие Үспен Богородица кафедралдық соборын, Әулие Мария Архиепархиясы рим-католиктік  кафедралдық соборын, «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасын, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ Елі» монументін, Қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимараттарын атауға болады.

Мұнда отандық білім беру ісінің жетекшілері – Назарбаев Университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті орналасқан.

Елордада тұрақты негізде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Астана экономикалық форумы және басқа да халықаралық маңызды іс-шаралар өтеді. Нұр-Сұлтанда ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. 2017 жылы Нұр-Сұлтанда «Expo-2017» халықаралық көрмесі өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев Астананың 10-жылдық мерейтойына арналған өзінің бағдарламалық сөзінде жаңа елордалық қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап берді:

«Осында, ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар».