Астана тұрғындарының 80%-дан астамы мемлекеттік тілде сөйлейді
Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Астана қаласының 20 жылдығы аясында Қазақстан халқы тілдерінің күніне арналған «Менің тілім – ұлы дала рухы» ХХ қалалық тіл фестивалін өткізді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шарада Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері сахналық шағын қойылым ұсынып, Алаш ардақтыларының тіл, ел, білім, ғылым жайында айтқан ойларынан шағын монологтар оқыды.
Фестиваль аясында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев сөз сөйлеп мемлекеттік тілдің дамуына, қолданысының кеңейе түсуіне елеулі үлес қосып жүрген мекеме басшылары мен жеке азаматтарға әкімнің «Тіл тұғыры» құрмет марапатын табыстады.
«Қаламызда бір миллионнан астам халық тұрады, соның 80%-дан астамы мемлекеттік тілде сөйлейді, жазады. Осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасы. Болашақ жастардың қолында, осы жастарымыз Алаш арыстарындай елім, жерім, тілім деп Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне үлес қоссын», - деді Т. Қышқашбаев.
Фестиваль барысында тіл төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы және Елбасы мен елге танымал азаматтардың қазақ тілі жайлы айтқан ойлары түйістірілген рухани-патриоттық бағыттағы бейнесюжеттер көрсетілді.
Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының өнерпаздары қазақ күйі мен биін паш етіп, эстрада жұлдыздары Төреғали Төреәлі, «Алашұлы» тобы, Айгүл Иманбаева және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті.
Аталған іс-шараға тіл жанашырлары, ел зиялылары, депутаттар, ардагерлер, қаланың құрметті азаматтары, қала басшылығы, белсенді жастар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz