Полицейлер Астанада үйсіз жүрген ер адамға туысқандарын тауып берді
Астаналық полицейлер туысқандарымен байланысы үзіліп қалған ер адамның жақындарын тауып беруге көмектесті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше 6 қазанда 48 жасар ер азамат оларға жақын туыстарын тауып беруге көмектесуін өтінген, өйткені олармен байланысты үзіп алған. Ер адам астанада бір айға жуық үйсіз-күйсіз жүріпті.
Полицейлер ҚР ІІМ жедел анықтама қызметі бойынша іздестіру шараларын өткізді. Нәтижесінде оның жақын туыстары Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Вановка поселкесінде тұратындығы анықталды.
Тәртіп сақшылары оның туыстарымен телефон арқылы байланысқа шықты. Туыстары ер азаматты өздеріне жіберуін, оны автовокзалдан күтіп алуға уәде берді.
Сол күні полицейлер оған «Астана – Шымкент» қалааралық рейстік автобусына жолақы билетін алып беруге көмектесті.
Полицейлердің айтуынша, ер азамат айтылған жерге дейін барып жеткен және туыстары күтіп алған.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz