Астананың алғашқы таңы
Астананың көшірірілуі қазақстандық және шетелдік сәулетшілерге өздерінің ең батыл идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазақстанның еңбегі сіңген архитекторы Серік Рустамбеков Қазақстанның жас астанасы қалай салынғанын айтып берді. Ол Астана елорда статусын алғаннан бері осында жұмыс істейді. Алматыдан келген шығармашыл архитекторлар тобының құрамында болып, жаңа ғимараттарды жобалауға қатысқан.
«Архитектор ретінде Астананың бірінші бас жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстарды басқардым. Біздің шығармашылық топтың құрамы 1996 жылы байқауда жеңіп шықты. Әрі қарай халықаралық байқау ұйымдастыратын шешім қабылданды. Нәтижесінде Кисё Курокава жеңімпаз болды. Ол мені өзінің тобына шақырды.Біз онымен бірлесіп жобалаудың келесі кезеңіне қатыстық», - деді С. Рустамбеков.
Оның айтуынша, ең алғаш салынған аудан – «Самал» мөлтекауданы. Ол мемлекеттік қызметшілерге арналып салынған.
«Астанада жұмыс істеп жатқаныма, осында тұрып жатқаныма 20 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында менің жобамның негізінде көптеген тұрғын үй кешендері, қоғамдық ғимараттар салынды. Менің жұмыстарымның қатарында қаланың орталық бөлігі мен әкімдік алдындағы алаңды абаттандыру бар. Бүгін Есіл өзенін қайта жөндеуге байланысты 20 жылдан бері жұмыс жүргізіп келеміз», - деді ол.
Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы Серік Рүстамбеков Бөгенбай батыр, Рахымжан Қошқарбаев сияқты көптеген тарихи ескерткіштер мен монументтердің авторы. Оның сызбасы бойынша бірегей «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешені салынды.
Жаңа астананың құрылыс тарихы туралы Серік Рустамбеков «Асқақтай бер, елiмнiң Астанасы» кітапханалық журфикс аясында айтып берді.
Аталған шараның мақсаты – жастарды астананың қызықты адамдарымен кездестіру.
Журфиксті Астанадағы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ ұйымдастырды.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz