Астаналық гимнастшы халықаралық турнирде күміс жүлдегер атанды
Сабина Бакатова Олимпиада чемпионы Марина Лобачтың жүлдесіне арналған XVI халықаралық көркем гимнастика турнирінде күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Көркем гимнастикадан халықаралық кластың спорт шебері Сабина Бакатова Астана әкімдігінің жоғары спорт шеберлері мамандандырылған мектебінің спортшысы.
Осы жылы ол Куала-Лумпурде өткен Азия чемпионатында екі алтын және бір қола медаль жеңіп алған болатын. «Марина Лобачтың жүлдесіне арналған XVI халықаралық көркем гимнастика турнирі Белоруссияның астанасы Минскіде өтті. Оған Израиль, Қазақстан, Кипр, Литва, Польша, Ресей, Украина, Эстония және Беларусь сияқты 10 елдің спортшылары қатысты», - делінген Астана мәдени және спорт басқармасының хабарламасында.
Аталған турнир – 2002 жылдан бері жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан әлемнің барлық елдерінің гимнасшылары жарысатын күнтізбедегі ең айтулы оқиға. Марина Лобач 1988 жылы Сеулде Кеңес одағының көркем гимнастика бойынша алтын медалін алғаш рет жеңіп алған болатын.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz