Аязды күні аялдамада қалған бала: Астана LRT жүргізген қызметтік тергеудің қорытындысы
«Астана LRT» ЖШС аязды күні баланы автобустан түсіріп кету оқиғасына қатысты қызметтік тексерісін аяқтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Тексеріс қорытындысы бойынша, кішкентай жолаушының анасы «Астана LRT» компаниясына ешқандай шағым түсірмейтінін айтты.
Естеріңізде салайық, 25 желтоқсанда Айша Мұқашева Facebook әлеуметтік желісінде «Астана LRT» компаниясының атына шағым түсірген болатын.Айшаның айтуынша, автобус жүргізушісі аязға қарамастан, оның он жасар баласын қоғамдық көліктен шығарып, далада қалдырып кеткен. Аталған жазба қоғамдық резонанс туғызған болатын.
Дәл сол күні «Астана LRT» компаниясы бұл мәселеге орай пікір білдіріп, қазан айында барлық автопарк жүргізушілеріне аязды күндері балаларды автобустан түсіріп кетпеу ескертілгендігін хабарлады. Сонымен қатар, жазбадағы деректер қызметтік тексеру жүргізуге жеткіліксіздігін атап өтіп, авторына хабарласуын өтінеді.
Бірнеше сағаттан соң жазба авторы байланысқа шығып, «Астана LRT» сауалдарына жауап берген. Сонымен автобуста кондуктор болмаған. Бала «Қарлығаш» балабақшасы аялдамасында автобусқа отырып, «Қаржы орталығы» аялдамасынан түскен және жылы аялдама павильонына кіріп, анасына қоңырау шалған.
«Осыдан кейін уақыты бойынша автобусты табу керек болды. Айша Мұқашева сағат 12:40 пен 13:17-нің арасы деп көрсетті. Аталған аялдама арқылы өтетін барлық бағдар қаралды. Көрсетілген уақыт аралығында 3 жүрдек автобустың өткені анықталды. Үш автобустың да салонындағы камералардан видеожазба алынды. Сонымен қатар, анасы мен баласы жүргізушілермен кездесті. Аталған автобустардан алынған видеожазбаларда бала болмай шықты. Бала да жүргізушілердің бір де бірін таныған жоқ», – деп атап өтті компанияда.
Осыдан кейін Көліктік бақылау департаментінің инспекторлары аялдама павильонындағы видеожазбаны алдырған. Соның арқасында бұл оқиғаның одан ертерек орын алғаны және баланың қандай автобустан түскені анықталған.
Аталған автобустың жүргізушісі баламен арада ешқандай жанжал болмағанын айтқан. Осылайша, аталған жазба авторы ұлына ешқандай қысым жасалмағанына көз жеткізген.
Тексеру қорытындысы бойынша Айша Мұқашеваның аталған оқиға бойынша жүргізушіге және «Астана LRT» компаниясына ешқандай наразылығы жоқ.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz