Елорда әкімінің орынбасары Малика Бектұрова есеп беру кездесуін өткізді
Жеке қабылдау форматында өткен кездесуге 89 елорда тұрғыны қатысты, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Елорда тұрғындары, атап айтқанда, балабақшаларға орналастыру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту, жәрдемақы алу, жұмысқа орналастыру, шағын және орта бизнесті субсидиялау, стартап-жобаларды қаржыландыру мәселелері бойынша өтініш білдірді.
«Жұмыс істегісі келетіндерді жұмысқа орналастыру қиын емес. Егер сіздің кәсібіңіз нарықта сұранысқа ие болмаса, біз сізді қайта оқытамыз, жұмысқа орналастырамыз. Ең бастысы, біз сізге көмектесуге тырысамыз», – деді М.Бектұрова.
Қабылдауда болған елордалық шеберлердің бірі етік шеберханасын ашу үшін жер беру мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
«Сіздің мүгедектерден, көпбалалы аналардан жер телімін аукционсыз беру туралы өтінішіңізді, ұсыныстарыңызды «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қарастырдық. Ережеге өзгерістер енгізілді. Егер жер учаскелерін берудің жаңа ережелері осы айдың соңында күшіне енсе, онда сізге келіп, тиісті өтініш жазу қажет болады. Бөлінген 15 жер телімінің бір бөлігін беруге тырысамыз», – деді ол.
Елорда әкімінің орынбасары аутизмі бар балалардың ата-аналарының өтінішіне жауап бере отырып, қала әкімдігі осы диагнозы бар балаларды балабақшаға жіберу жөнінде шешім қабылдағанын хабарлады.
«Биыл біз осындай 10 топты ашамыз. Нақтырақ айтқанда, олар қарапайым мемлекеттік балабақшалардағы инклюзивті топ болады», – деп түсіндірді ол.
Барлық келушіні Малика Бектұрова жеке тыңдады. Әрбір өтініш бойынша ол тиісті түсініктемелер берді. Проблемалық мәселелердің көпшілігі орнында шешілді.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz