Елордалық Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері Тұңғыш Президент күніне арналған концерт ұйымдастырды
Елордада Тұңғыш Президент күніне орай Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері дайындаған «Елім деп соққан жүрегі» атты концерт өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Бүгін осы залда біз Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың күнін тойлаймыз. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы қорытынды концерт. Бағдарламаның барлық бағыттары біздің жұмысымызда тікелей көрініс табады. Мысалы, білімнің салтанат құруы, бәсекеге қабілеттілік, ұлттық бірегейлікті сақтау, сол бағыттар бойынша балалар барынша дамып келеді», - деді «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесі» ЖШС басшысы Үкібай Нұрпейісов.
Театр сахнасында хореографиялық ансамбльдер, вокалдық топтар, сондай-ақ Оқушылар сарайының спортшылары, жалпы алғанда барлығы 400-ге жуық тәрбиеленуші өнер көрсетті. Жас әртістер домбырада ойнап, би билеп, Нұрсұлтан Назарбаевтың сүйікті халық әндерін, сондай-ақ Елбасының өзі жазған «Үшқоңыр», «Елім менің», «Город мой» әндерін орындады.
«Оқушылар сарайында Тұңғыш Президент күніне орай бірнеше шара ұйымдастырылды. Солардың бірі – «Елім деп соққан жүрегі» концерті. Оқушылар концертке бір айға жуық дайындалды. Біздің басты мақсатымыз – би және вокалдық нөмірлердің көмегімен мемлекетіміздің қалыптасуындағы Президенттің рөлін көрсету», - деді Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебай.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz