Қазақстанда коронавирус індетінен тағы да бір адам көз жұмды
Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясына шалдыққан 175 пациент тіркелген. Сауыққандардың саны 15 адамды құрайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Мерт болған науқасты жедел жәрдем бригадасы ауруханаға 21 наурызда жеткізген болатын. Ол бір ай бойы ауырған. Жұмыс сапарымен жиі жүретіндіктен, медициналық мекемелердің көмегіне жүгінбепті. Отбасы мүшелері мен жұмыстағы әріптестері, яғни 31 адам ауруханаға жатқызылса, онымен қарым-қатынаста болған 55 адам үй карантинінде. Бұдан кейін қайтыс болған азаматтың отбасысының 2 мүшесінде коронавирустық инфекцияның бары анықталды», – деп мәлімдеді Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова.
31 наурыздағы жағдайға сәйкес Нұр-Сұлтан қаласында инфекциялық стационарларда 1693 адам ем қабылдауда. Олардың 96-ы – балалар. Коронавирус инфекциясына шалдығудың 175 жағдайы тіркелген. Олардың 159-ы станционарлық ем қабылдаса, 15 адам сауығып, үйлеріне жіберілді.
Жыныстық және жасқа қатысты көрсеткіштер бойынша: ауруды жұқтырғандардың 45% – ер, 55% – әйел адамдар. Науқастардың басым көпшілігі немесе 45% – 30 бен 49 жас аралағындағы азаматтар (76 жағдай). 18 - 29 жастағы адамдардың арасында аурудың 27, 60-69 жастағы адамдар арасында 17 жағдайы (10%) тіркелген.
«Сонымен бірге КВИ-на шалдығудың 175 жағдайының 61% немесе 107-сі – бұдан бұрын стационарға оқшауланған немесе үй карантині жағдайында науқастармен жақын қарым-қатынаста болған адамдар. Бұл: отбасы мүшелері, жұмыстағы әріптестер, медициналық қызметкерлер, ұшақ бортындағы жолаушылар. КВИ шалдыққан 6 пациенттің жағдайы тұрақты түрде ауыр деп бағалануда. Екі адам өкпені жасанды желдету қондырғысына қосылған. Олардың барлығы ем қабылдауды жалғастыруда. Қалған науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Ем КВИ диагностикалау және емдеу хаттамасына сәйкес жүргізіліп жатыр», – деп атап өтті С. Қисықова.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген коронавирустық инфекцияға шалдығудың 175 жағдайының барлығы – жақын қарым-қатынастағы адамдар: отбасы мүшелері, әріптестер. Үй карантиніне 916 адам алынды.
22 және 30 наурыз аралығында елордадағы халықаралық әуежайға келген 28 рейстің барлық 2575 жолаушысы оқшауланды. Олардың барлығы зертханаға тиісті анализдерді тапсырған болатын. Бүгінге дейін 25 рейс бойынша 2063 зертханалық зерттеу жүргізіліп, 5 адамның КВИ шалдыққандығы расталды. Қалған рейстердің жолаушыларынан алынған материалдар зерттелу үстінде.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz