Елордалық полицияда жарты жылда 2308 алаяқтық қылмыс тіркелді
Ведомствоның хабарлауынша, осы сияқты қылмыстардан зардап шеккен астаналықтар құқық қорғау органдарына жиі шағымданады. Алаяқтық фактісінің артуына негізінен, алаяқтармен сөз байласып, күмәнді келісімдер жасасқан көптеген азаматтардың заңдарды білмеуі себеп. Кейде жәбірленушілер тиімді шарттармен және төмендетілген бағамен қандай да болмасын тауар немесе қызметті аламын деп алаяқтарға тап болады.
Департаменттің хабарлауынша, жалған қызметтер көрсетемін деп өзгенің ақшасын иемдену секілді алаяқтық түрі жиі (кем дегенде, 50%) кездеседі. Әдетте, бұл адамдар жылжымайтын мүлік нысандарын, қымбат көліктерді, тиімді пайызбен несие алуды ресімдеу бойынша жоғары лауазымды шенеуніктердің «қамқорлығына» ие екендерін айтады.
Айта кетейік, жылжымайтын мүлікті заңсыз иемдену және оны одан әрі ірі сомаға сатумен байланысты қылмыстар қоғамда кең етек жайған. Осындай «келісімдердің» нәтижесінде жәбірленушілер құр алақан қалады.
«Бұдан басқа, Астанада телефон арқылы алдау жағдайлары да жиі орын алады . Қаскөйлер телефон соғып, өздерін полиция қызметкерімін деп таныстырады және қылмыс жасағандары үшін туған-туысын ұстап алғандарын (есірткі сақтау, ЖКО) хабарлайды. Осылайша, оны қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін ақша бопсалайды. Ал ақшаны алған соң іздерін суытады», - делінген ақпаратта.
Елорда азаматтарына бейтаныс адамдармен келісім жасаспас бұрын, сақ болу керек. Алаяқтар ұсынған ақпаратқа ғана жүгінбей, меншік иесі мен сатушыларды мұқият тексеру қажет. Адамдардың көбі жылжымайтын мүліктің нарықтағы бағадан арзан сатылуын білгенде, естері адасып, күмәнді келісімдерге ойланбастан келіседі. Бұл жағдайда адам психологиясының әлсіз жақтары мен қылмыскерлердің оның осал жерлерін пайдалана білетіні байқалады.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz