Астанада 4 көп балалы отбасыға материалдық көмек көрсетілді
Бүгін Астанада «Балаға
көмек - сіздің қолыңыздан келеді!» ұранымен қайырымдылық акциясы өткізілді.
Материалдық көмекке мұқтаж 4 көпбалалы отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді.
Отбасылар баспана жалдап тұрады, ал ата-аналары жұмыссыз немесе қатты ауырады,
не болмаса мүмкіндігі шектеулі жандар болып табылады.
«Бүгін Дүниежүзілік қайырымдылық күні. Осыған орай біздің ұжым құрылымдық бөлімшелермен (атап айтқанда, қарттар үйі, жұмыспен қамту орталығы, тұрақты тұратын орны жоқ адамдарға арналған бейімделу орталығы, психоневрологиялық интернат) бірлесіп белгілі бір көлемде қаржы жинап, 7 және одан артық бала асырап отырған 4 отбасыға көмектесуге шешім қабылдады. Олар біздің көмекке мұқтаж, бұл адамдарға атаулы әлеуметтік көмек төленбейді. Біз балалардың әрқайсысына күртеше, етік, мектепке керек-жарақтарды және азық-түліктер алып бердік», - деді astana.kz сайтына берген сұхбатында елордалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Алма Алтыбаева.
Аталған акция Астанада жыл сайын өткізіліп, мұқтаж жандарға тегін материалдық көмек көрсетіледі. Айта кетейік, 13 қарашада Дүниежүзілік қайырымдылық күні атап өтіледі. Бұл күні алғашқы дүние жүзілік қайырымдылық конференциясы ашылып, «Қайырымдылық декларациясына» қол қойылған болатын.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz