Елордада мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға әлеуметтік көмек көрсетілді
Нұрзат Болатхан 2005 жылы сонау Қытайдан елін аңсап келген қандастарымыздың бірі. Отанына оралғалы ол көпбалалы ана атанып, күмістен алқа тағынды. Тұңғыштары 13-те болса, кенжелері 1 жастан енді асып, былдырлап жүр.
Нұрзат Болатхан, Астана қаласының тұрғыны:
Құдай қаласа, жетіншісін күтіп отырмыз. Аман-есен дүниеге келсе, «Алтын алқалы» ана болармыз. Ол Отанымыз бен еліміздің арқасы. Қазақстанның дамуына еңбек етіп үлес қоса алмасақ та, бала-шағамызды көбейтіп, біз істемеген қызметті солар жасап, елге қызмет етсе деймін. «Отан – отбасынан басталады», - дейді. Балаларымызға Отанын сүюді үйретеміз. Қазақ екенін, елін ұмытпасын деп, осында келіп, көктеп жатырмыз.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында Нұрзаттың отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Енді ол отағасы Серік екеуі берекелі дастархан жайып, мерекені ерекше атап өтпек.
Нұрзат Болатхан, Астана қаласының тұрғыны:
Елбасы күні қарсаңында арнайы іздеп келіп, көмек көрсеткендеріңізге үлкен рақметімді айтамын. Алыстан сағынып келгенде құшақ жая қарсы алып, бізбен бәрімен бөлісіп жатырсыздар.
Айнұр Садықова Астанаға осыдан 2 жыл бұрын СҚО Тайынша ауданынан келген. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ана мереке қарсаңында мұндай көмек көрсетілгеніне дән риза.
Айнұр Садықова, Астана қаласының тұрғыны:
Мен жалғыз өзім 2 бала тәрбиелеп отырмын. Жұмыс істемеймін. Тұңғыш Президент күні алдында азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатыр, өте ризамын.
Салтанат Станбаева, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Сарыарқа аудандық бөлімінің басшысы:
Тұңғыш Президент күніне әлеуметтік көмек ережесі аясында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 29 қарашадан бастап аз қамтылған отбасы оның ішінде жан басына шаққанда кірістері кедейшілік шегінен төмен отбасыларға, яғни мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға азық-түлік жиынтығы таратылып жатыр.
Астанада мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын 157 отбасы бар екен. Бұл жолы азық-түлік жиынтығының құрамына күріш, макарон, қант және сұйық май кірді.Сондай-ақ, мереке қарсаңында бір жолғы ақшалай көмек ҰОС мүгедектеріне, және оларға теңестірілген адамдарға, соғыс уақытында тылда еңбек еткен адамдарға көрсетілді.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz