1404

Қаланың Орталық алаңында да Әз-Наурыздың көркі қызды

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтары үшін Орталық алаңда жыл басы Наурыз мерекесін ұйымдастырды.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтары үшін Орталық алаңда жыл басы Наурыз мерекесін ұйымдастырды. Қаз-қатар тізілген киіз үйлер, сахнада шырқалған ән мен күй, қонақтарға арнап жайылған кең дастарқан, алтыбақан аясында жиналған қыз-жігіттер, білек күшін сынауға топталған ер азаматтар мен асық ойнаған жеткіншектер мерекенің көркін қыздырды.

Жыл сайын мерекеге ерекше дайындықпен атсалысатын Астана қаласының Білім басқармасы, биыл да құр алақан келмепті. Ақ шаңқан  киіз үйдің ішін ұлттық ою-өрнектермен кестелеп, ұлттық тағамның сан түрін әзірлеген.

Білім басқармасы бастығының орынбасары Римма Асымқызының айтуынша, жайылған дастарқандағы тағамдарды, қолөнер бұйымдарын, тіпті кестелі көрпелердің бәрін де қаламыздағы колледждердің студенттері дайындаған. Осы оқу орындарының  ішінен қазақтың қолөнерін, ұлттық тағам түрлерін, салт-дәстүрлерін оқытатын мамандықтары бар 10 колледж бүгінгі жиынға өздері дайындаған бұйымдары мен тағамдарын алып келген.

Бұдан бөлек, студенттер арасында әншілер мен бишілер өз өнерлерін ортаға салып, салт-дәстүрлерді насихаттайтын қойылымдар қойды. «Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» демекші, «Ұлыстың ұлы күні» қара шаңыраққа келін түсіріп, бабалар дәстүрімен қазақтың қара домбырасымен келіннің бетін ашты. Жастардың бойына ұлттық дәстүрді сіңіруде кәсіби колледждердің қосып отырған үлесі ерен.

Күннің суығына қарамастан, кір тасын көтеру, арқан тартыс, қол күрес, «Алыпсоқ» қазақ шайқас өнері, тоғызқұмалақ сынды спорттық іс-шараларына қатысқан ересектер мен жастар бақтарын сынап жатты.

Жастайынан кір тасын көтерудің әуесқойы Ғалымжан Асанов 16 келілік зіл темірді ұршықша иірді. Ол қос қолындағы қос тасты 50 рет көтеріп, жеңімпаз атанды. «Бұл спорт түріне жас күнімнен әуеспін, ал қазір Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында оқып жүріп, бұл спортпен кәсіби түрде айналысуды қолға алдым. Өткен жылғы наурыз мерекесінде де осы сайысқа қатысып, қарсылас шақ келтірмедім», - дейді жас спортшы.

Қол күресте білек күшін сынауға жиналғандардың қарасы көп болды. Бұл спорт түрі әртүрлі салмақ дәрежелері бойынша үш санатқа бөліп өткізілді. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Асылхан Алин алдына жан салмады. Ал 80 келіге дейін және 80-нен жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Талғат Төлеусейітов екі санат бойынша оқ бойы озып шығып, алтыннан алқа тақты.

Мектеп оқушылары арасында тоғызқұмалақтан өткен сайыс, әсіресе, тартысқа толы болды. Қаланың әр мектебінен жиналған оқушылар өзара мықтыны анықтады. 10 жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында №7 мектеп-гимназиясының оқушысы Жақсыбай Сұңқар, 13 жасқа дейінгі оқушылар ішінен №24 орта мектептің 7 сынып оқушысы Айжан Серікова және 16 жасқа дейінгі жастар арасында №7 орта мектептің 7 сынып оқушысы Тойбазар Серікмұрат жеңімпаз атанды.

Астана қаласы «Диалог-Еуразия» ұлттық платформасы жыл басы Наурыз мерекесіне 3 жылдан бері өзіндік үлесін қосып келеді. Аталған ұжымның мамандары мерекеге жиылғандарға өз қолдарымен арнайы әзірлеген ұлттық тағамдарды тегін таратады.

Ұлттық платформа төрағасының орынбасары Дәулет Кәрібек: «Бүгінгі шараға қатысудағы басты мақсатымыз мейрамға жиналған халықтың көңілін көтеріп, мерекелік көңіл-күй сыйлау. Біздің платформа мәдени ұйым болғандықтан, ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын мейлінше кеңінен насихаттауға күш салып келеміз. Өткен жылы 10 мың адамға тағам әзірледік, ал биыл 5 мың қонаққа наурыз көже, палау және бауырсақ таратамыз», -  дейді.

2013 жылдың 18 наурызы күні өткен «Сарыарқа сыр сандығы» байқауынан суырылып шыққандар сахна төрінде ән шырқап, би билеп мерекеге жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz

Сәлеметсіз бе, мен Mr.iKomekпін - Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің iKomek бірыңғай байланыс орталығының виртуалды операторымын. Сервис алу үшін алғашқы тіркеуден өтіңіз немесе жеке кабинетке кіріңіз.
Введите свои данные.
Тіркеу сәтті өтті!
Жеке кабинетке кіру үшін өз логиныңыз бен кілтсөзіңізді енгізіңіз.
Өтініштің мән-жайын толықтай жазуды және болса фото/бейне материалдар тіркеуіңізді сұраймыз.
Сіздің өтінішіңіздің өңделу дәрежесін жеке кабинеттен қарай аласыз, сонымен қатар Сіз өтінішті тіркеу нөмірі бойынша іздеу қызметін пайдалана аласыз.
Өтініштің өңделу дәрежесі туралы ақпарат алу үшін өтініштің тіркеу нөмірін енгізіңіз.
Қандай да бір түйткіл туындады ма? Бұл сервисті тағы да пайдаланып көріңіз.
Енді Сіз iKomek орталығына өтініш жібере аласыз немесе өзіңіздің жеке кабинетіңізге кіре аласыз.
iKomek орталығының «Өтінішті іздеу», «Сауалнамадан өту» сияқты қосымша қызметтерін пайдаланыңыз.
iKomek орталығы бойынша қосымша ақпаратпен «FAQ» / «Жиі қойылатын сұрақтар» бөлімінде танысуға болады.
Нұр-Сұлтан – жайлы өмір сүруге арналған қала!
iKomek 109