Астанада Ғашықтар күніне орай жас инноватор қымыздан «махаббат коктейлін» ойлап тапты
Бүгін Қазақстанда Қозы Көрпеш - Баян сұлу күні - Ғашықтар күні атап өтілуде. Бұл мереке 2011 жылдан бері мерекеленуде. Осы күні Астанада жастар арасында инновациялық идеялар мен жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жарыста қымыздан «махаббат коктейлін» ойлап тапқан студент көш бастады. Бұл туралы astana.kz сайтына іс-шараны ұйымдастырушы Астана қаласының Жастар саясат мәселелері басқармасынан хабарлады.
Елордалық жастардың жаңа идеяларын анықтау және жылжыту, олардың белсенділік арттыруға ықпал ету, инновациялық технологиялар мен өнімдерді шығарумен айналысатын жастарды ынталандыру мақсатында өткізілген байқау жас инноваторлар үшін жаңа бастамаға айналды, дейді ұйымдастырушылар.
«Қатысушылардың бәрі де жеңіске лайық. Бірақ комиссияның пікірінше, олардың ішінде қаланың атмосфералық ауасының ластануының мониторингінің автоматтандырылған ақпараттық жүйесін және ұялы телефондарға арналған «Домбыра» қосымшасын әзірлеу жөніндегі инновациялық жобалармен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық универсиетінің студенттері үздік нәтиже көрсетті. Назарбаев университеті жылу алмастыру құбырларын қақтан тазарту жобасымен, ұлттық нақышта қымыздан сүт коктейлін жасаудың жаңа тәсілін ұсынған жас кәсіпкер ерекше көзге түсті»,- дейді ұйымдастырушылар.
Ұйымдастырушылар astana.kz сайтына хабарлағандай, есте қаларлық оқиғалардың бірі - жас инноватор Арман Бекеев қымыздан жасаған коктейльден дәм тату болды. Ұлттық сусынымыз - қымыздан жасалған коктейль нәзік жемісті дәмге ие болды.
Жастар арасындағы инновациялық идеялар және жобалар байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаздар жеңілдетілген негізде «Астана Innovations» АҚ технологиялық бизнес инкубациялауына қатысады. Алдағы уақытта олар соның көмегімен өз жобаларын жүзеге асырады.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz