1974

Астана қаласы әкімінің халықпен есептік кездесудегі баяндамасы 2015 ж.

Қайырлы күн құрметті астаналықтар, қадірлі достар!

Сіздерге Бас қаламыздың өткен жылғы даму барысы және алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстар туралы баяндауға рұқсат етіңіздер.

Қажырлы еңбектің арқасында Елорда уақыт өткен сайын өркендеп, дамып келеді.

Бүгінде Астана – әлемге танылған мәртебелі қала. Қаламызда саясат пен экономикаға қатысты маңызды кездесулер өтуде.

Астанаға жиналған әр түрлі мәдениет пен дін өкілдері бүкіл әлемді бейбітшілікке, келісімге шақыруда. Бұл да болса еліміздің, қаламыздың абыройын асыратын маңызды бастамалар.

Осындай игі шаралардың бәрі Елбасымыздың алысты ойлайтын көреген саясатының арқасы. Нұрсұлтан Әбішұлы Астананың дамуына, қаланың тыныс-тіршілігіне үлкен мән береді.

Осының арқасында Астана – тек құрылыс саласында ғана емес, экономика, мәдениет, білім мен ғылым, технология бойынша қарқынды дамуда.

Елорданың көркеюіне әрбір қала тұрғынының, әрбір қарапайым жұмысшының қосқан үлесі бар. Халқымызда «тірлік басқа болса да тілек бір, бармақ басқа болса да білек бір» деген сөз бар. Қашан да ішкі ынтымағы жарасқан ел озады.

Ардақты ағайын!

Алдымызда Елбасы қойған биік жоспарлар мен халық үміт артқан маңызды жобалар бар.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы,Ата Заңымыздың жиырма (20) жылдығы, Ұлы Жеңістің жетпіс (70) жылдығы және Қазақ хандығының бес жүз елу (550) жылдығы, сонымен қатар басқа маңызды қоғамдық-саяси іс-шаралар мемлекет деңгейінде атап өтіледі. Бұл шараларды еліміздің Бас қаласында жоғары деңгейде ұйымдастыру үлкен абырой, биік жауапкершілік.

Сонымен қатар, алдымызда ЭКСПО көрмесі келе жатыр. Қазір бұл шараны өткізуге дайындық қызу жүруде. ЭКСПО көрмесі – қаламыздың беделін асыратын, Қазақстанды барша әлемге танытатын айрықша шара. Бұл шараны өткізуге қала тұрғындарының қосатын үлесі зор болмақ.

Осының бәрі бізден үлкен еңбек пен ынта-жігерді талап етеді.

Құрметті астаналықтар!

Бүгін біз сіздермен бірге 2014 жылғы жұмыстың қорытындысын шығарып, алдағы күндердің жоспарларын белгілеу үшін жиналып отырмыз.

Осы залға жиналғандардың барлығы, жалпы қала тұрғындары мен қонақтары Астананың қарқынды дамуының куәсі болуда. Қаламыздың өзіндік архитектуралық келбеті қалыптасып, тұрғындардың әл-ауқаты көз алдымызда артып келеді.

Мұның барлығы Мемлекет басшысының жан-жақты қолдауы мен қамқорлығының арқасында мүмкін болды. Нұрсұлтан Әбішұлы елордадағы әр саланы дамыту мәселесіне жіті көңіл бөлетіндігін айтқым келеді.

Қысқа уақыттың ішінде Астанада тағдырлы өзгерістер орын алып, барлық тарапта жақсы жетістіктерге қол жетті. Біздер сол жетістіктердің бел ортасында жүріп, куәсі болдық.

Қадірлі қауым!

Астанада ауқымды жұмыстардың жасалғаны баршаңызға белгілі. Бұл ретте жыл қорытынысын қала тұрғындарын ерекше алаңдататын мәселелерден бастаған дұрыс деп есептеймін.

Баспанамен қамтамасыз ету

Астананың жедел дамуы, ең алдымен, құрылыстың қарқынды жүргізілуіне байланысты. Әрине, баспана құрылысы да жоғары деңгейде. Жыл сайын қаламызда бір миллион шаршы метрге жуық баспана пайдалануға беріледі.

Астана құрылысын енді қолға алған кезіміз еске келеді. Ол кезде республика бойынша тапсырылатын баспана аумағы, бүгінгі елордада берілетін баспана аумағымен шамалас еді. 1997 жылы республика бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй ғимараттарының көлемі 1 миллион 344 мың шаршы метрді құрады.

Тұрғын үй заңнамасына сәйкес қала Әкімдігі коммуналдық қордан баспанаға мұқтаж азаматтардың есебін жүргізеді.

Сіздерге белгілі, Астана тұрғындарының саны күн санап өсіп келеді. Тиісінше баспанаға деген кезек те ұлғаюда. 7 жыл бұрын кезекте 8 мың адам тұрған болса, бүгінде бұл көрсеткіш 4,5 есеге артқан. 2014 жылдың қорытындысы бойынша Астанада баспанаға мұқтаж азаматтардың тізімінде 35 мыңнан астам адам тұр.

Мәселе қалай шешілуде?

Қазіргі таңда қаладағы тұрғын үй құрылысы екі мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда.

2008-2010 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыру аясында бүгінде жалпы аумағы 288,6 шаршы метрді құрайтын 6282 пәтердің құрылысы аяқталды.

«Қолжетімді баспана – 2020» Бағдарламасы аясында 140,1 мың шаршы метрді құрайтын 2778 пәтер пайдалануға берілді.

Бұл ретте өткен жылы 93,1 мың шаршы метр баспана немесе 1881 пәтер тапсырылды.

Аталған жұмыстармен қатар, қалада апатты үйлерді сүру бағдарламасы жүзеге асуда. Пилоттық жоба қолға алынған екі жыл ішінде 92 мың шаршы метр немесе 1502 пәтерден тұратын 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Олардағы жалпы аумағы 33 мың шаршы метрді құрайтын 652 пәтер – 42 апатты үйдің тұрғындарына арналған.

Әлеуметтік мекемелер бойынша. Өткен жылы алты мектепке дейінгі білім беру нысандары, 10 жалпы орта білім беру мекемелері пайдалануға берілді. Олардың 2 интеллектуалды мектеп. Сондай-ақ № 10 жаңа қалалық емхана жұмысын бастады. Соның арқасында амбулаторлық-емханалық буынға түскен ауыртпалық айтарлықтай азайды.

Бұл арада атап өтетіні, қаланың әлеуметтік маңызды нысандары түгелімен электр және жылу энергиясын есептеуіш құрылғылармен жабдықталған. 2014 жылы жылу есептеуіш құрылғылар 1154 көппәтерлі тұрғын үйлерге орнатылды. Осылайша, бүгінгі таңда тұрғын үй қорының тиісті құрылғылармен жабдықталуы 75 % құрады.

Жағымды факті ретінде атап өтетін тағы бір жәйт: жылыту желілеріндегі апаттар саны азайған. Өткен жылы 30 шақырымнан астам желі қала балансына қабылданбды. «Күлсай», «Альбион», «Жағалау-3» тұрғын үй кешендері мен бірнеше әлеуметтік нысандар орталық жылыту жүйесіне қосылды.

Экономикалық және әлеуметтік даму бойынша. Соңғы екі жылда инвестиция көлемі 20 миллиард теңгеден асатын 10 жаңа өндіріс іске қосылды. Олардың қатарында «Тау-Кен Алтын» аффинажды зауыты, электрондық-оптикалық құрылғылар шығаратын зауыт, энергия үнемдегіш шыны пакеттер өндіру зауыты, электровоз құрастыру, күн батареяларын өндіру кешені т.б. бар.

2014 жылы 100 мыңға жуық қала тұрғындары әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, ол істерге 6,8 миллиард теңге бөлінді. 18,5 мыңға жуық жұмыс орындары құрылып, 1800 адам қайта даярлаудан өтті және біліктіліктерін арттырды.

Демек, Астана Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар негізінде барлық әлеуметтік міндеттерді орындап отыр деп сеніммен айтуға болады.

Енді макроэкономикалық көрсеткіштер туралы. Сіздердің уақыттарыңызды алмас үшін елорда дамуының динамикасындағы негізгі көрсеткіштерге тоқтала кетейін.

Толық ақпарат сіздерге таратылған үлестірме материалдарда ұсынылған. Сондай-ақ статистикалық мәліметтерді слайдтардан да көре аласыздар.

Сонымен: 2014 жылғы жалпы өңірлік өнім, болжам бойынша, 3-9 триллион теңгені құрады. Бұл 2013 жылғы кезең көрсеткішінен 6,6 % жоғары.

Сондай-ақ өзге де экономикалық параметрлердің оң үрдісі байқалады:

- инвестиция көлемі 13 % артты. Жалпы ел экономикасына тартылған инвестицияның 10 % Астана үлесінде;

- орташа айлық жалақы 11 % ұлғайып, 176мың 547 теңгені құрады;

- тиісінше ең төмен күнкөріс деңгейінің көрсеткіші 9,8 % ұлғайды;

- жұмыссыздық деңгейі төмендеп, 5,2 % деңгейінен асқан жоқ;

- қабылданған шаралар арқасында 2014 жылы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен жоспарланған деңгейде қамтуға қол жетті (жоспар 62,5 %, іс жүзінде – 63,1 %), үш ауысымда оқытатын мектептер саны 4-ен 2-ге қысқарды;

- сондай-ақ халықтың туу көрсеткіші артты. 2013 жылы 1000 адамға 27,58 баладан келсе, былтыр 29,01 баланы құрады. Өлім көрсекіші төмендеді. 2013 жылғы 1000 адамға 4,4 деңгейінен былтырғы 4,26 деңгейіне дейін. Сәби өлімі 1000 нәрестеге – 9,2-8,0 дейін.

Осылайша, Астана, бас қала ретінде өңірлер арасында ең үздік стратегиялық көрсекіштерге жетіп отыр.

Қала бюджеті бойынша.

2014 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке құйылған қаржы көлемі 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда

25 % артып, 764 миллиард теңгені құрады.

Айтулы жетістік. Экономиканың тиімді және сапалы өсімінің арқасында Астана өз тарихында тұңғыш рет өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жетті.

Қалалық бюджеттің түсімі 16 % ұлғайып, 164,3 миллиард теңгені құраған.

Бұл дегеніміз, Астана биылдан бастап, Алматы, Атырау және Маңғыстау облыстарымен қатар республикалық бюджеттің донорына айналады. 2015 жылы Астана мемлекеттік бюджетке 7,5 миллиард теңге аударады.

Астананың 2014 жылғы қайта қаралған бюджеті 377 миллиард теңгені құрады. Бұл қомақты қаражат, елордадағы бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Сіздерге белгілі, тәуелсіздік жылдары ішінде, Елбасы, қысқа мерзім аралығында мемлекетімізді ашық, экономикасы тұрақты, әлемдік шаруашылыққа ықпалдасқан елге айналдыра білді. Сонымен қатар Қазақстан, өзге де дамыған елдер секілді, әлем экономикасында болып жатқан үдерістерді сезініп отыр. Оны сіздер бұқаралық ақпарат құралдарынан күнделікті естіп, көріп жүрсіздер.

Жаһандық экономикалық дағдарыстың күрделі кезеңін болжаған Мемлекет басшысы өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында еліміздің «жаңа экномикалық саясатын» айқындады.

Уақтылы әзірленген және бар қатерлер дөп болжанған сол құжатта Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дағдарыстың кері ықпалдарын тиімді еңсеру, Қазақстанның және оның бас қаласы – Астананың одан арғы дамуы үшін басты бағыттарды анықтап берді. Елбасы, алға қойған мақсаттарға қазақстандық қоғамдағы бірлік пен келісім сақталғанда ғана қол жететінін атап кетті.

Президент Жолдауын және Үкіметтің кеңейтілген отырысында айқындалған экономикалық саясаттың нақты талаптарын негізге ала отырып, Астана әкімдігі 2015 жылға негізгі бағыттар бойынша даму жоспарын белгіледі.

Рұқсат болса сол жоспар жайында толығырақ айтайын.

Бірінші – құрылыс

Біз Астана қаласын дамытудың бас жоспарының тұрақты және мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуіміз керек.

2014 жылы Қазақстанның ұлттық мұражайы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қоры мен кітапханасы, бірқатар тұрғын үй ғимараттары мен әкімшілік кешендер пайдалануға берілді.

Бүгінгі таңда бірқатар жобалар әзірленді. Алдағы үш жылда 100 астам түрлі нысандар қолданысқа беріледі. Олардың қатарында Жекпе-жек сарайы, көпсалалы Мұз сарайы, «Абу-Даби Плаза» кешені, «Жастар» жастар сарайы, парктік аймағы бар ботаникалық бақ, «Ритц Карлтон» және «Фор Сизонс» қонақ үйлері секілді бірнеше нысандар бар.

Бұдан өзге, Астананы дамыту жоспарына сәйкес бірнеше әлеуетті аудандарда кешенді құрылыс жұмыстарын жүргізу көзделген. Бірінші – «Мыңжылдық» аллеясы, екінші - «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы аумағы, үшінші – Тұран даңғылы бойындағы тұрғын үй алабы, төртінші – «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы аумағындағы «Жасыл орам» ғимараттар кешені.

2015 жылы «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында жалпы көлемі 82,2 мың шаршы метрді құрайтын 1428 пәтер пайдалануға беріледі. Аталған бағдарлама бойынша 65,4 мың шаршы метрді құрайтын 1181 пәтірдің құрылысы жалғасуда. Олардың қолданысқа берілуі 2016 жылға белгіленген.

2015 жылдың бірінші жарты жылдығында 2507 пәтер пайдалануға беріледі. Жалпы аумағы 158,8 мың шаршы метрді құрайтын сол пәтерлерді тапсырумен 2008-2010 жылдарға арналған Тұрғын үй бағдарламасы аяқталады.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Апаттық жағдайдағы және ескі үйлерді сүру» жөніндегі пилоттық жоба аясында жалпы көлемі 123 мың шаршы метр болатын 2247 пәтердің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Ондағы аумағы 58 мың шаршы метрді құрайтын 1086 пәтерді апаттық жағдайдағы үй иелерін көшіру үшін коммуналдық меншікке беру жоспарланып отыр.

Ағымдағы жылдың қаңтарында жалпы аумағы 17 мың шаршы метрді құрайтын 336 пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Оларға апаттық жағдайдағы үйлердің иелері көшіріледі.

Жалпы алдағы үш жыл ішінде 228 апаттық үйді сүру жоспарланып отыр. Осылайша оларда тұрып жатқан үш жарым мың астаналық тұрғын көшірілмек.

Бұл арада ерекше атап өткім келетіні, бұдан былай елордада салынатын бір де бір тұрғын үй нысаны көлік паркингі болмаса қабылданбайды. Осы ретте тағы да айтарым, қалада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде он паркинг салу туралы шешім қабылданды.

Жоғарыда айтқанымыздай, қалада құрылыс қарқыны аса жоғары. Бүгінде жұмыс істеп жатқан құрылыс ұйымдарының саны 1,5 мың бірлікті құрайды. Өткен жылдар көрсеткішімен салыстырғанда құрылыс компанияларының саны 20 % артқан.

Бұл заңдылық. Алайда мұндай жағдайдың қиыншылықтар тудыратыны да жасырын емес. Сол қиыншылықтарды біз жүйелі түрде шешетін боламыз.

Қалада бірнеше сенімсіз мердігер-компаниялар бар. Кейбірінде рұқсат құжаттары жоқ. Оларға қатысты қылмыстық істер қозғалды.

Сондықтан пәтер құрылысына қаржы құю ісінде мұқият болыңыздар дегім келеді. Сенімсіз компаниялар тарапынан адамдарды алдау оқиғалары тіркелген.

Бұл ретте күмән тудыратын жағдайда Әкімдікке хабарласып, кез-келген мердігер бойынша тиісті ақпарт алуға кеңес беремін.

Енді басқа мәселеге назар аударғым келеді. Мемлекет басшысы еңбек дауларын алдын-ала шешудің маңыздылығына жіті мән беру керектігін жиі айтады. Сондықтан еңбек заңнамасының жан-жақты сақталауы үшін кәсіпорындар мен мекемелерде 261 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде заңнама бұзудың 512 фактісі тіркелді. Тексеріс қорытындысы бойынша 2014 ұйғарым берілді.

Әкімшілік жауапкершілікке 308 лауазымды және заңды тұлғалар тартылып, оларға 36 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Жедел әрекет етудің арқасында былтыр 626 жұмыскердің жалпы сомасы 107,5 миллион теңге болатын жалақы алашағы өтелді.

Ерекше атап өтер мәселе, жұмыскерлердің өміріне қауіп төндіретін

Жағдайлар бойынша 2014 жылы 46 құрылыс нысанының жұмысы тоқтатылып, тиісті материалдар сотқа жолданды.

Ендігі мәселе. Қалада саябақ аймағы мен гүлбақтарын қалыпқа келтіру, абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Өткен жылы 6 гүлбақтар мен желекжолдар қалпына келтірілді. Ағымдағы жылы Жауқазын мен Арай көшелерінің қиылысындағы саябақ құрылысы басталды.

Бұл жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүргізілсе тиімдірек болар еді деп есептеймін. Біз саябақ аймақтары мен гүлбақтарында дәмханалар, қоғамдық дәретханалар, арнайы балалар аймағын салу үшін инвесторларды тартуды көздеп отырмыз. Олардан бөлек медициналық көмек бекеттері мен қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау бекеттерін салу қарастырылмақ.

Бұл ретте кіреберіс жолдарды, тротуарлар мен көлік қоятын аймақтарды салу, абаттандыру жұмыстары жіті назарда болады.

Екінші – қаланың энергетикалық кешені

Бұл арада энергоқорлардың стратегиялық қорын қалыптастыру міндетіне басымдық беріледі.

Астананың қарқынды дамуы, тұрғын үй және коммерциялық құрылыстың белсенділігі, шағын және ірі өндірістердің көптеп ашылуы қосымша энергетикалық қуат көздерін қажет ететіні түсінікті. Сондықтан бізге елордалық энергокешенді жедел модернизациялау міндетін шешу қажет.

Мына фактілерге назар аударайық. Энергиямен қамтамасыз ету жүйелеріне жыл сайын түсетін салмақ шамамен 8-10 % артып отыр. 2017 жылға қарай бұл көрсеткіш 30-35 % ұлғаяды деп болжануда. Ал жылу энергиясы бойынша көрсекіш ­­­­­­­­­– ­25-30 % жеткелі отыр.

Осы орайда энергетикалық кешеннің инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 1-ЖЭО және 2-ЖЭО кешенді модернизациялау, сондай-ақ 3-ЖЭО бірінші кезеңінің құрылысын жүргізу көзделіп отыр.

Электр энергиясын тасымалдау мәселесін шешу үшін электр берудің әуе желісін салу ісі қарастырылуда. Оның аясында 110/20 кВ қосалқы станция құрылысын аяқтап, жұмыс істеп тұрған тарату бекеттері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарлануда.

Алайда энергиямен қамтамасыз ету мәселесі жаңаша көзқарасты талап етеді. Осы уақытқа дейін арқа сүйеп келген қуаттылықты арттыру бағыты әлеуетті бола бермейді.

Әлемдік тәжірибие көрсеткендей, қала қаншалықты өссе, оның энергияға деген сұранасы соншалық болады.

Біздің тарапымыздан, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша инновациялық технологияларды енгізу шаралары қолға алынып отыр. Мысалы қалалық инфрақұрылымның жарықтандыру саласы қарапайымнан энергия үнемдегіш түріне ауыстырылды.

Сонымен қатар биыл біз көппәтерлі тұрғын үйлерге электр және жылу энергиясын есептеуіш құралдарды мейлінше көптеп орнатуды жоспарлап отырмыз. Бірақ осының өзі жеткіліксіз.

Тұрғындар инновациялық технологияларды, жылу ұстау, таза экологиялық материалдарды қолдану арқылы энергия үнемдеу мәселесіне өздері де мән бергендері абзал.

Бұл тек энергоқорлардың қымбаттығынан емес, қоршаған ортаға деген қамқорлық тұрғысынан да қолға алынатын шаруа. Астанадағы жеке секторлардағы үйлер қатты отынмен жылытылады. Нәтижесінде қаланың қою түтіннің астында қалатынын жиі көріп жүрміз.

Олардан бөлек автомобильдер мен жылыту станцияларынан тарайтын улы заттар қаламыздың мақтанышына айналған - таза ауаны әбден ластауда.

Сондықтан ауа тазалығы үшін тиісті шаралар қолдану қажет.

Ең алдымен көліктік құралдарды техникалық бақылаудан өткізу қызметінің сапасын арттыру мәселесіне басымдық беріледі. Қаладағы кәсіпорындар мен мекемелерден және жеке тұрғын үй секторынантарайтын улы заттар көлемін азайту бойынша да жұмыстар жүргізіледі.

Аталған жұмыстардан бөлек, біз кәріз сулары жиналатын Талдыкөл қоймасын жою, жауын сулар жиналатын кәріздік желілер мен нысандарды дамыту, сондай-ақ өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқару секілді ірі инвестициялық-эклогиялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз.

Үшінші – көлік инфрақұрылымын дамыту

Әкімдіктің ресми сайтындағы «Виртуалды қабылдау» және «Халықтық бақылау» айдарларына автобустардың қозғалыс уақытына, ондағы қызмет көрсету деңгейі мен мәдениетіне қатысты азаматтардан көптеген арыз-шағымдар келіп түседі.

Және олардың кемігені байқалмайды. Осы орайда қаладағы белсенді қозғалыс қарқыны өткір мәселеге айналып отырғанын мойындауға тиіспіз. Бұл салада елорда талаптарына сай келмеудеміз.

Астананың қарқынды дамығанына, барлық инфрақұрылымның жаңарғанына қарамастан, жол қозғалысын қамтамасыз ету баяғы шағын қала деңгейінен әрі асар емес.

Аудан әкімдерінің жуырда халықпен өткен кездесулері көрсеткендей, қоғамдық көліктің жұмысын ұйымдастыру, жол құрылысының сапасы – ең өткір және бақылаусыз қалған мәселелердің бірі.

Біздің міндет – жағдайды түзеу.

Біз қаланың көліктік моделін түбегейлі өзгертуге тиіспіз.

Осыған байланысты көліктік бағыттар өзгертіліп, электрондық билеттеу жүйесі енгізіледі. Интелектуалды көліктік жүйені кезең-кезеңімен іске асыру жалғасады. Бұл жұмыстың бір көрінісі бүгінде елорда көшелері мыңдаған бейнекамералар, ондаған «ақылды» бағдаршамдармен жабдықталды.

Бүгінде қалалық қоғамдық көліктерді күту барысында тұрғындарға жайлы жағдай жасау үшін жоғары технологиялы аялдама кешендерін орнату мәселесі қарастырылып отыр.

Жуырда бағыттық желілерге аяқ асты рейдтік тексерістер ұйымдастыру тәжірибиесі енгізілді. Осы салаға қатысты тағы бір өзгеріс, Әкімдік әр аялдама бекеттерінде автобустардың қатынау уақыты мен диспетчерлердің байланыс телефондары көрсетілген ақпараттар орнатуды тапсырды.

Соңғы кезде қозғалыс құрамының айтарлықтай жаңартылғанын жақсы білесіздер. 103 жайлы жаңа автобус сатып алынды. Олардың 55 желіге шығарылды. Жаңа автобустар көлік ағыны белсенді бағыттарда қатынауда. Қалған көліктер техникалық бақылаудан өткеннен кейін, елорда жолдарына шығады.

Бас-аяғы несиелік желі негізінде «Ивеко» компаниясымен 1 шілдеге дейін 358 бірлік заманауи қоғамдық көлік алу бойынша келісімдер жасалды. Біз аталған автобустардың 350 бірлігін қосымша алу мүмкіндігін қарастырудамыз.

Бүгінгі таңда қалалық автобус паркінде 993 бірлік қоғамдық көлік бар. Осылайша жақын болашақта біз қозғалыс құрамын жаңарта отырып, көлік жетіспеушілігін түбегейлі шешуді жоспарлап отырмыз.

Жолдарды жөндеу мен құрылысы бойынша айтар болсақ, бұл арада орындалған жұмыстардың сапасына жіті мән беріледі.

Өткен жылы жалпы ұзындығы 95 шақырымды құрайтын жол құрылысы мен жамылығысын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы жылдарда бұл көрсеткіш ұлғаяды.

Қазіргі таңда қалада ұзындығы бір мың шақырымнан асатын 950 көше бар. Бұл ретте жалпы әр үшінші және оң жағалаудағы әр екінші жол тиісті талаптарға сай емес. Ол жолдар кедір-бұдыр және шұңқырларға толы. Олардың көліктерді өткізу мүмкіндігі аса шектеулі. Ал сол мезетте қаладағы автомобильдер саны 290 мыңнан асты. Бұл осыдан 17 жыл бұрыңғы көрсеткіштен 10 есе артық. Әрине, жылдан жылға бұл санның ұлғая түсері анық.

Қалада үнемі кептелістер болып тұратын 18 жол бөлігі бар. Бұл мәселе барша астаналықтарды алаңдатады. Сондықтан жағдайды ушықтырмас үшін, Әкімдік, биыл бірқатар шараларды қолға алмақ.

Атап айтқанда:

- 108 шақырым жолды салу мен қайта құру;

- олардың қатарында 30 көше мен 11 тұрғын үй алабындағы 24 шақырым жол бар;

- 21 шақырым жолды жөндеу;

- Республика даңғылы бойындағы «Талисман» дүкені алдындағы ең белсенді қозғалыс аумағында жерасты жаяу жүргіншілер жолын салу;

- сондай-ақ жедел автобустар желісін жасақтау.

Көшелердегі көлік ағынын азайту үшін ағымдағы жылы Кіші айналма жол аясында Ш. Бейсекова көшесінің құрылысы жалғастырылады, сондай-ақ Қорғалжын тасжолы және өзге де бірқатар жолдар мен көшелер реконструкциядан өтеді.

Біз Халықаралық әуежай бойынша бірақатар шаралар кешенін қабылдадық. Бүгінгі таңда ол заман талаптарына сай емес. Болашақта ондағы қызмет көрсету және қауіпсіздік деңгейі жақсаруға тиіс. Бұдан өзге кешенді инфрақұрылымдық модернизация өткізіледі.

Сонымен қатар, Промышленный кентінде жаңа теміржол вокзалының құрылысы басталды.

Астананың жол-көліктік инфрақұрылымының кешенді дамуы -елорданы жайлы және қауіпсіз етуге арналған шаралардың бір бағыты.

Төртінші – қауіпсіздік

Құқытқтық тәртіпті қамтамасыз ету органдары өткен жылы қала бойынша 34 мыңнан астам қылмысты тіркеген. Кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зақым келтіру, шабуыл жасау, ақша бопсалау, тонау мен ұрлау секілді ауыр қылмыстардың саны азайған.

Қоғамда құқық бұзушылықтарға «нөлдік шыдамдылық» қағидатын қалыпастыру, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті күшейту бойынша шаралар қабылдануда.

2014 жылы 63 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған. Олардың 4 мыңнан астамы – ұсақ бұзақылық болса, 8 мыңы – тыныштықты бұзу, 19 мыңы - қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішу, 9 мыңы – рұқсат етілмеген орындарда темекі шегу секілді құқы бұзушылықтар.

4 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынды. Қоғамдық тәртіпті қасақана бұзған 567 адам әкімшілік қамауға алынды.

Қалада «Астанада өмірді қамтамасыз ету жүйесі» арнайы жобасы іске қосылды. Ол бойынша 700 жуық бейнебақылау камералары тәулік бойына жұмыс істейді. Бір айта кетерлігі, олардың көмегімен өткен жылы 340 астам қылмыстың беті ашылып, 48,5 мың әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды. 21 мың Жол ережесін бұзу фактілері тіркелді.

Бұл арада қала тұрғындарын да құқық бұзушылықтардың алдын алуға шақырамын.

Астаналық азамат жоғары мәдениеттілігімен ерекшелегіп тұруы тиіс. Ал біздің қала – қауіпсіз және жайлы болу керек.

Елорданың құқық қорғаушылары да қарап отырмауға тиіс. Олардың жұмысында әлі де болса көп келеңсіздіктер кездеседі. Кең тарағаны - патрульдік-күзет қызметтерінің оқиға орындарына уақтылы бармауы, жол инспекторларының дөрекі тәртібі. Бұл мәселеде тәртіп орнату қажет.

>Бесінші– индустриаландыру

Бүгінде Астанада бірқатар индустриялды-инновациялық жобалар жұмыс істеуде. Бір ғана Индустриялды парк аумағында жалпы инвестиция көлемі 168 миллиард теңгеге жуықтайтын 50 жоба тіркелген.

Бұл ретте басымдық сапаға, экологиялық тазалыққа және инновациялыққа беріледі, сондай-ақ тиімділік пен жобалардың үйлесімділігі де ескерілген.

Қаланың негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі айтарлықтай артып, 644 миллард теңгеге жетті. Бұл еліміздің қаржы орталығы Алматының көрсеткішінен жоғары.

2014 жылы кәсіпорындардан түскен салық төлемдерінің көлемі 6,6 миллиард теңгені құрады.

Екі мыңнан астам жұмыс орындары құрылды.

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялды-инновациялық дамуы Мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бесжылдығының қорытындысы бойынша қысқаша айта кетейін.

2010-2014 жылдар аралығында 167 млрд. теңгеден асатын 22 жоба жүзеге асырылды. Оларда 3 мыңға жуық жұмыс орындары құрылды. Өндірілген өнім көлемі 160 млрд. теңгені құрады. Оның 90 млрд. теңгесі 2014 жылға тиесілі. Бұл 2013 жылғы көрсеткіштен 1,6 есеге жоғары.

Ағымдағы жылы Индустрияландыру картасының келесі бысжылыдығын іске асыру жұмыстары жалғасады.

Қазақстан Президенті Астанаға нақты тапсырма жүктеді: елорданың инвестициялық тартымдылығын тұрақты түрде арттыру, шағын және орта бизнес субъектілеріне жан-жақты қолдау көрсету.

Ол үшін Әкімдік тарапынан бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін тиімді қолдану және «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысын жандару, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорын тарту және өзге де бағдарламаларды іске қосу мәселелері тыңғылықты зерттелуде.

Өндірілген өнімдегі жергілікті қамтуды дамыту және әлеуметтік-еңбек аспектілері бойынша Әкімдік, ұлттық компаниялар және кәсіпорындар арасында ақпан айының басында қол қойылған 105 миллард теңгені құрайтын үш жақты меморандумдар аса маңызды оқиға болды. Келісім аясында 20 мыңға жуық жұмыс орындары сақталады.

Алтыншы – шағын және орта бизнестің дамуы

2015-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік индустриялды-инновациялық бағдарламасын жүзеге асырумен қатар шағын және орта бизнесті дамыту мәселесінде несиені субсидияландыру, инфрақұрылымды дамыту және сервистік қолдау секілді жүйелі шаралар қабылданады.

Бұл сала үшін аса маңызды мәселе. Өйткені қазіргі таңда елорданың шағын және орта бизнесі жергілікті бюджетке түскен салық төлемдерінің 65 % қамтамасыз етіп отыр. 2014 жылы бұл көрсеткіш 420 миллиард теңгені құрады. Жалпы өңірлік өнімдегі оны үлесі 50 % құрады.

Астанадағы белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 60 мыңға жуықтайды.

Сонымен қатар, шағын және орта бизнес – тұрғындардың табысын арттыратын және еңбекпен қамтамасыз ететін нақты сала. Кәсіпкерлік саласында бізде 233 мың адам еңбек етуде. Бұл экономикалық белсенді Астана халқының 49 %.

Өткен жылдың өзінде ғана шағын және орта бизнес саласында 34 мың жаңа жұмыс орындары құрылды.

Астана тек бас қаланың емес, барша елдің экономикалық өсіміне серпін беретін шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау бойынша Мемлекет басшысының айқындаған бар міндеттерін тыңғылықты орындауда.

Айта кетейін, елордада ел бойынша алғашқы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Онда бизнесмендерге «бір терезе қағидаты» бойынша тегін түрде ақпараттық және кеңестік қолдау қызметтері көрсетіледі. 2014 жылы өздеріне қажетті кеңестерді алған тұтынушылар саны 4,5 мың адамды құрады.

Кәсіпкерлікті дамытуда жуырда Әкімдік пен қалалық кәсіпкерлер палатасының ортақ жұмыс жүргізуге байланысты қол жеткізген уағдаластығы да зор үлесін қосады.

Қол қойылған тиісті келісім бойынша:

- шағын және орта кәсіпкерлікке арналған көпсалалы өндіріс кешенін құру;

- өңірлік сауда орталығын құру;

- Астанада бизнестің даму картасын әзірлеу және өзге де шаралар қарастырылады.

Ағымдағы жылдың 10 ақпанында елордадағы шағын және орта бизнес үшін бизнес-ортаны жақсарту және қаржылай қолдау көрсету бағытында тағы бір қадам жасалды. Жеке кәсіпкерлікті қаржыландыру бойынша кезекті Бағдарлама іске қосылды.

Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге, «Даму» Қорынан 1 млрд. теңге бөлінді. Аталған несиелік желі бойынша кәсіпкер үшін пайыздық ставка 7,6 % құрайтынын ескерсек, бағдарлама айтарлықтай танымал болатынын атап өткім келеді.

Бағдарлама сауда саласын қаржыландырып, Астанада оның мәдени, заманауи түрін қалыптастыруға септігін тигізетінін де атап өткен жөн. Сондақтан «ЭКСПО – 2017» дайындық аясында бағдарлама маңыздылығы арта түспек.

Ағымдағы жылы Әкімдік тарапынан елордада сауда-саттықтың

заманауи түрлерін енгізу бойынша және көрсетілетін қызметтердің деңгейін әлемдік талаптарға жеткізуге бағытталған жұмыстар қолға алынды. Бұл нені білдіреді?

Бүгінгі таңда Астанада жылдам тамақтану нысандары мен алғашқы қызмет көрсету орындарын орналастырудың үлгісі әзірленді. Ол бойынша 300 қатысушы белгіленді. Олар теңқұқылы конкурстық негізде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарация арқылы кәсіпкерлерге жалға беріледі.

Болашақта жабайы сауда-саттықты болдырмас үшін, қоғамдық тамақтану орындарына рұқсат құжаттарын берудің ортақ механизмі әзірленуде.

Сырт келбеті ұсқынсыз және санитарлық талаптарға сай емес ескі сауда нысандары жаңа және ыңғайлы конструкцияларға ауыстырылады. Қалада жылдың әр мезгілінде жылдам әрі дәмді тамақтануға болатын жаңа павильондар пайда болады.

Осындай жұмыстар арқылы елордаға қажет жайлы жағдай қалыптастырылады. Яғни біз шағын және орта бизнес мекемелеріне инфрақұрылым жеткізу бойынша Үкіметтің соңғы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындап шығамыз.

Ал әзірге қала бос көрінеді. Шенеуніктердің жұмысы бизнестің дамуына рұқсат бермеуге және оған тосқауыл қоюға бағытталған.

Бүгінде көптеген заманауи қалаларда сауда мекемелерінің, қоғамдық тамақтану орындары мен азаматтарға тұрмыстық қызмет көрсету жүйелері жақсы дамыған. Қала орталығында сауда-саттық белсенді жүргізіледі. Мобильді дәмханалар мен жылдам тамақтану орындары әрдайым қолжетімді.

Біз бұл мәселеде қалыс қалғанбыз. Сондықтан жағдайды өзгерту керек.

Әкімдік мемлекеттік қызметтер тізімін кеңейтуге назар аударды. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары мен қонақтарының материалдық шығындарын азайтып, уақытын үнемдейді.

Осы орайда бүгінгінің өзінде қалалық құрылымдар көрсететін 22 мемлекеттік қызмет электрондық форматқа көшірілді. Оған қоса құжаттарды рәсімдеу жұмыстары айтарлықтай жеңілдетілді.

Рұқсатнамаларды беруді автоматтандыру жұмысы аяқталады. Бүгінгі таңда елорда Әкімдігі тарапынан 140-қа жуық рұқсат құжаттары берілетін болса, олардың 21-і автоматты түрде.

Өткен жылғы көрсеткіш бойынша тұрғындарға 4,3 млн. мемлекеттік қызметтер көрсетілді.

Біз өткен аптада мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын арттыру бойынша арнайы семинар-кеңес өткіздік. Ондағы мақсат рәсімдерді мейлінше жеңілдету, мемлекеттік органдардың жұмысын жақсарту, кедергілерді жою.

Осылайша біз оңтайландыруды жалғастырамыз. Жақын арада орталық органға мемлекеттік қызметтерді жетілдіру және оның тізілімін кеңейтуге байланысты ұсыныстарымызды жолдаймыз.

Біздің басты назарда болатыны – Мемлекет басшысының Астананы азық-түлікпен қамтамасыз ету және қала айналасында азық-түліктік белдеуді дамытуға байланысты берген тапсырмасын орындау.

«Бизнестің жол картасы -2020» Бағдарламасы аясында өңдеуші кәсіпорындар жан-жақты қолдау көруде. Жаңа нысандар салынуда.

Алдағы уақытта жалпы сыйымдылығы 43 мың тоннадан астам 11 көкөніс сақтау қоймаларын және жылдық өнімділігі 15 мың тоннаны құрайтын 9 жылыжай кешені іске қосылады.

Біз көршілеріміз, Ақмола және Қарағанды, өзге де облыстармен белсенді жұмыс жүргізуге тиіспіз.

Президентіміз базарлардағы санитарлық талаптардың сақталмайтындығын атап өткен болатын. Бұл мәселені шешу үшін Астанада Көпсалалы сауда-логистикалық орталығының құрылысы жоспароланып отыр. Оған бастапқы кезеңде 7 астаналық базар көшіріледі.

Ескертулердің орынды екенін мойындай отыра, бізге тәртіп орнату үшін базар басшыларына қатаң талаптар қою қажет. Қаладағы 25 сауда алаңдарының сыртқы келбетін қалыпқа келтіріліп, ұсынылатын қызмет сапасы жақсаруы тиіс.

Әрине, адамдардың табыс тапқаны керек. Алайда сауданың да «тиісті келбеті» болуы тиіс.

Өмір стандарттары – бұл тек сандық көрсеткіштер еместігін баршамыз жақсы түсінеміз. Ол тұрғындардың жайлы өмірі үшін жасалатын тұтас жүйе. Осы орайда Астана бас қала ретінде өзге өңірлерге үлгі болуға тиіс.

Жетінші – әлеуметтік сала

Бұл арада екі негізгі мәселеге тоқталғым келеді.

Бірінші.Бүгінде Астанада 216 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрып жатыр. Өткен жылы жеңістің 69 жылдығын атап өткенде олардың саны 293 болатын. Көріп тұрғандарыңыздай, батырларымыз, өкінішке орай, жыл санап азайып барады. Сондықтан біздің қасиетті міндетіміз – оларды ұмытпау және жан-жақты қолдау.

Биыл біз ұлы датаны – Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Елбасының өзі ардагерлерге ерекше құрмет көрсетеді. 2014 жылы Астанада посткеңестік кеңестікте теңдесі жоқ шара өтті. 2015 жыл қарсаңында ардагерлер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атынан жеке құттықтаулар мен сыйлықтар алды.

7 ақпанда Астана қаласында студенттер мен ЖОО оқушыларының ардагерлер мен мүгедектерге көмек көрсетуге бағытталған кең көлемді қайрымдылық қозғалысы басталды. Мұндай шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырғанын қуана жеткізгім келеді. Жастар қарияларға азық-түліктерін әкеліп, үйлерін жинап береді. Аулаларын қардан тазартып, үй шаруасында көмектеседі. Бір атап өтерлігі, жастар, тоғызыншы мамырдан кейін де бұл қайрымдылық шарасын жалғастыра бермек.

Менің ойымша, елордалық кәсіпкерлер жастардан үлгі алып, қайрымдылық шараларына демеушелік етулері керек.

Тағы атап өткім келетіні, Астанада ғана, әлеуметтік жеңілдіктері бар азаматтардың барлығы қоғамдық көлікпен тегін жүреді,

Біздің ардагерлер коммуналдық төлемдерден толықтай босатылған.

Өткен жылы Ұлы Отан соғысының 83 ардагерінің пәтерлерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді, биыл 9 Мамырға орай тағы да 84 батырымыздың тұрғын үйін жөндейтін боламыз.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылы 20 наурызда 2014 жылдың екінші жартыжылдығында елордаға көшіп келген және есепке алынған Ұлы Отан соғысының қалған 7 ардагеріне пәтер беріледі.

Екінші.Қалада 19 мыңнан астам мүгедек тұрып жатыр, соның ішінде 3 мыңы - балалар. Осы адамдар көп жағдайда әлеуметтік, мәдени және басқа ғимараттар мен құрылыстарға кіре алмайды. Бір-екі сатының өзі адамды күнделікті игіліктерден алыстатып жібереді.

Оларға белсенді қоғамдық өмір сүруге көмектесуге тиіспіз. Сондықтан нысандарды мүгедектер үшін қолжетімді қылуымыз керек: ыңғайлы пандустар жасап, мектептерде тиісті аппаратурамен жабдықталған арнайы сыныптарды ұйымдастыру арқылы.

Бұл қиын емес, тек ведомстволық шектеулер мен шарттылық кедергілерін еңсеру керек.

Қазіргі кезде біз «КӨМЕК» әлеуметтік көмек орталығы» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Жоба аясында тұрмысы төмен адамдарға киім-кешек жинауға арналған контейнерлер орнату, мүгедектерді мамандықтарға оқыту, шеберханалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар жасаған кәдесыйларды онлайн-сату көзделген.

Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты толығымен қайта қарастырғанымызды айтқым келеді: ешкімге қызық емес және керексіз отырыстар, «дөңгелек үстелдер», «конференциялар» айтарлықтай аз өткізіледі. Қаржы ресурстары азаматтардың аз қамсыздандырылған санаттарын қолдауға, мүгедектердің қажеттіліктерін қанағаттандыруға, жастардың қызықты және инновациялық жобаларын жүзеге асыруға және т.б. бағытталатын болады.

Бұл мәселелерді Астанада басымды түрде шешетін боламыз.

Құрметті астаналықтар!

Алдыңғылардан туындайтын біздің жұмысымыздың тағы да бір бағытына тоқталсақ. Әңгіме жұмыссыздық деңгейін барынша төмендету туралы. Айта кетейін, Астанада бұл көрсеткіш республика бойынша ең төмен. Сонымен, барлық тиісті қала қызметтеріне ұйымдастырушылық тәртіп бойынша нақты шаралар қабылдап, Астанада жұмыссыздықты қысқа мерзімнің ішінде жоюды тапсырамын.

Қалалық Статистика департаментінің мәліметінше, бүгінгі таңда белсенді халықтың жалпы саны – 452500 адамды құрайды, ал жұмыссыздар саны – 23600. Пайыздық ара қатынаста жұмыссыздық деңгейі - 5,2 %.

Бірақ бүгінде Әкімдікте 2544 жұмыссыз адам тіркелген және 1,5 мың бос жұмыс орны бар.

Жағдай мынадай: Жұмыссыздық орталығына келген адам көп жағдайда ұсынылған жұмыстан бас тартады, ол әлдеқайда беделді немесе еңбекақысы жоғары жұмыс іздейді. Бұл оның өмір сүруге қаржысы бар және ол жұмыссыз жүрген жоқ дегеннің белгісі.

Шын мәнінде ешқандай табысы жоқ және оны қажет ететін адам кез-келген ұсынылған бос жұмыс орнына қуанатын еді.

Сондықтан біздің мақсатымыз бос орындардың мәліметтер базасының тізімін және көлемін кеңейту, жұмыссыздарды нақты кәсіпорындар мен мамандықтар бойынша жұмысқа орналастыру. Яғни, жұмыссыздық деңгейін мейлінше азайту.

Тағы да бір маңызды мәселе – білім беру және медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Астананың қалыптасу жылдарында халық өсімі үш есеге артты. Күн сайын 60, айына – екі мыңға жуық бала дүниеге келеді. Бұдан басқа, мектепке дейінгі жастағы балалар сырттан келеді. Бұл ең әуелі қалалық білім беру және денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүктеме болады.

Осылайша, қалалық мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығы 37 мыңнан асады, ал 83 мыңнан артық бала кезекте тұр.

Балаларға арналған мекемелердің қажеттілігі артып отыратынын түсінуіміз керек. Өзге мемлекеттердің тәжірибиесі көрсеткендей, мемлекеттік бюджет есебінен мектепке дейінгі мекемелерді салу жүйесі әрқашан да тиімді және үнемді бола бермейді. Бұл бюджетке үлкен салмақ салады.

Балабақшаға төлеген ақша тамақты да ақтамайды, бұл қызметкерлерді ұстау мен тұрғын-үй комммуналдық қызметтерді өтеуді айтпағанда.

Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік - жеке меншік әріптестік аясында салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында балабақшалар ашу арқылы шешу керек деп санаймын.

Мұны әуел бастан құрылыс кезінде жобаларда ескеру керек деп санаймын.

Жалпы білім беру мектептеріне келсек, оқушылар орнының тапшылығы 1864 құрайды.

Бұл мәселелерді шешу үшін мыналар қарастырылған.

2015 жылы 2 440 орындық 10 балабақша мен балабақшаға қосымша 60 орындық ғимаратты пайдалануға беру көзделген.

Үстіміздегі жылы 5075 орындық 5 жаңа мектеп пен 1 050 орындық екі қосымша ғимарат тапсырылады.

Біз мұнымен шектелмейміз: 2015 жылы 1200 орындық 5 балабақшаның және 4800 орындық 5 жалпы білім беру мектебінің құрылысы басталады.

Оның үстіне, білім мәселелері бұл құрылыс қана емес, оқу мен тәрбиелеудің сапасы да, әріптестерімнен осыған ерекше назар аударуды сұраймын.

Бұл ретте мұғалімдердің біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. 2015 жылы 400 мұғалімді оқыту жоспарланған.

Сонымен қатар, балаларды оқыту үшін планшетниктерді пайдалану қарастырылған «Apple Lab Astana» (Эпл лэб Астана) жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Жастарға қазіргі заманғы мамандықтардың әралуан әлемінде бағдар табуға көмектесетін «Мамандықтар навигаторы» мобильдік қосымшасы әзірленеді.

Оқушылардың халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы жеңістерінің артқанын қуана атап өткім келеді. Астана қаласының олимпиадалық командасы 8 жыл бойы «Үздік команда» атанып, республика бойынша жалпыкомандалық есепте 1-орын алып келеді.

Жалпы, қала бойынша оқушылардың білім сапасы 56,2-ден 57,6 % дейін артқан.

(Балалардың демалысы бойынша)

Астана – ел ордасы, заманауи қала, ерекше көрікті жерлері бар: парктер, театрлар, мұражайлар ­– ересектерге де, балаларға да қызықтының бәрі бар.

Бүгінде қаламызда Оқушылар сарайы ашылған. Мекемеде 9 мыңнан астам баланы қамтыған 116 үйірме мен секция жұмыс істейді.

Оқушылар сарайы екі жылдың ішінде үш мыңнан астам тәрбиеленушісі 350 халықаралық, республикалық және қалалық байқауға, фестивальдарға, чемпионаттар мен турнирлерге қатысты, нәтижелері де жақсы.

Өздеріңіз білетіндей, мектептердің жанынан көптеген спорт алаңдары ашылды, мынадай бір жақсы тәжірибие бар: 15 жуық аула клубы жұмыс істейді. Бүгінде осы клубтардың бөлмелері қайта жабдықталып, түрлі үйірмелер мен секцияларға тегін қатысуға арналған. Мұнда спорт түрлері бойынша жаттығулар, салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша сабақтар, би, хореография, шет тілдерін оқыту және т.б. сабақтары өткізіледі.

Бірақ мемлекеттің іс-қимылдарымен қатар, қала тұрғындарының өздері де балаларға осындай жағдайлар жасау қажеттілігін ойлау керек.

Балалардың сабақтан тыс уақытта немен айналысатынына немқұрайлы қарамайтын адамдар осындай клубтарға қолдау көрсетіп, жаңаларын ашып, өз білгенін балаларға үйрете алады десем қатесепеспін.

(Денсаулық сақтау)

Соңғы жылдары медициналық инфрақұрылымда тұрақты өсім байқалады. Күн сайын қалалық медициналық мекемелерге 5 мыңнан астам адам келетінін ескерсек, бұл өте маңызды. Осы деректің өзі денсаулық сақтау нысандарын дамытуға бағытталған шараларға ерекше мән береді.

Биыл бес денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр, соның ішінде бесеуі үстіміздегі жылы аяқталмақ. Атап айтқанда:

- сол жағалауда Керей-Жәнібек көшесінің бойында бір ауысымда 500 келушіге арналған амбулаториялық-емхана кешені;

- Ильинка кенті мен Ж. Досмұхамедұлы көшесінің бойында бір ауысымда 150 келушіге арналған бастапқы медициналық – санитарлық көмек орталықтары;

- 250 кереуеттік балалар жұқпалы аурулар ауруханасы;

- бір ауысымда 150 келушіге арналған 250 кереуеттік медициналық-әлеуметтік оңалту орталығы.

2016 жылы 500 кереуеттік туберкулезге қарсы диспансер өз жұмысын бастайды.

Жоғарыда аталған нысандарды пайдалануға беруді ескере келе, Астана қаласының денсаулық сақтау желісіне түсетін салмақ нормативке дейін жеткізіледі.

Білім және денсаулық сақтау нысандарын, жалпы, әлеуметтік нысандардың құрылысы – осы салалардың қалыпты дамуының маңызды шарты. Дегенмен, ең бастысы болып ұсынылатын қызметтердің сапасы.

Сапалы медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруға, басшылық қызметінің нәтижелілігіне көп жайт байланысты екенін түсінеміз.

Материалдық-техникалық қамсыздандырудың жеткіліксіздігінен жедел медициналық көмек көрсету жүйесі қанағаттанарлықсыз жағдайда. Адамдар шұғыл көмекті сағаттап күтеді.

Осы саланы дамыту үшін мемлекет қомақты қаржы бөледі. Бүгінгі таңда қазіргі заманғы медициналық мекемелер салынды, бірақ өкінішке орай, осы күнге дейін жұмысты ұйымдастыру қанағаттанарлықсыз болып қалуда. Бұл тағы да экстенсивті даму болып табылады.

Біздің қала бұл жағынан да бірінші болуы керек. «Елордалық сапа» сияқты түсінікті біздің де психологияға, практикаға енгізу артық болмас. Барлық әлеуметтік мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, инфрақұрылымын дамыта отырып, біздің мақсатымыз – ұсынылатын қызметтер сапасын әлемдік стандарттар деңгейіне көтеру болып табылады.

(Мәдениет, спорт, туризм)

Жас қала болғандықтан Астана ұдайы даму үстінде.

Сондықтан Астана белгілі мәдени, спорттық және туристік орталық болуға барлық қажетті шарттарға ие.

Өткен жылы елордаға 600 мыңға жуық адам келген. Әрине, бұл жерде ішкі туризмнің үлес салмағы ең көп. Алайда, 17-ге толған астананың өзінің жетістіктерін көрем деушілерді көптеп тартатыны маңызды жайт. Әйтеуір, қалада әдемі жерлер көп.

Біз 2017 жылы «ЭКСПО» көрмесін өткіземіз. Бұл бәріне де мәлім. Биыл оған дайындалудың белсенді фазасына көшеміз.

Жаһандық көлемдегі осы шараға мұқият дайындалуымыз керек. Көрменің ашылуына дейін екі жылдан артық уақыт қалды. Әлемдік деңгейдегі осы шараны өткізудің Астана үшін маңызды екені түсінікті, өйткені бұл қаланың одан әрі дамуына, барлық қалалық инфрақұрлымның дамуына жақсы серпін береді.

«ЭКСПО» қаланың тіршілік әрекетінің барлық бағыттарына қатысты болады.

Бұл ретте біздің міндетіміз – барлық аспектілерді арттыру: бұл тұтынушылрға шет тілінде қызмет көрсету, көптілді ақпараттық маңдайша жазуларды енгізу.

Қаланың өзіндік спецификасы бар және ұдайы суық климаттың әсерінде болады. Сондықтан артықшылықтарын зерттеп, оларды пайдалану керек. Атап айтқанда, мұз қалашықтарын салу, қар жолдарын төсеу. Жалпы, бұқаралық шараларды климаттық жағдайларды ескере отырып, ұйымдастыруымыз керек.

Оның үстіне, бүгінде Астанада көптеген қонақ үйлер стандартталмаған, халықаралық талаптарға сай келетін сертификаттары жоқ.

Сондықтан кейбір факторлардың әлсіз болуынан халықаралық сұранысқа сәйкестікте қиындықтар болуы мүмкін: әуежайда және авто-теміржол вокзалдарында қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылдау керек.

Салынған нысандар, менеджмент мәдениеті, «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізгеннен кейін осының барлығы бізге қалады.

Мәдениет пен спортқа келсек, олар елордада жақсы дамыған.

«Жастар» театрының жақсы репертуары мен актерлік труппаның шеберлігін атап өтпекпін.

Көптеген мәдени нысандармен қатар қалада спорттық алаңдар мен ғимараттар бойынша көп іс атқарылды. Спортшыларды дайындау, тиісті инфрақұрылымды дамыту үшін тікелей Мемлекет басшысының қолдауымен жасалатынның барлығы заңды оң нәтижелер береді. Дене тәрбиесі мен спортты дамыту бойынша қалған жұмыстар сіздер мен біздің міндетіміз.

Әлемнің көптеген астаналарындағыдай дене тәрбиесімен және спортпен шұғылдану елордада бұқаралық сипатқа ие болуы керек. Бұл қалаларда таңертең жағалауда, скверлер мен парктерде әр түрлі жастағы адамдар жүгіріп жүреді.

Салауатты өмір сүру салтын қалыптастыру, соның ішінде елімізде, нақтырақ айтқанда, елордада спортты дамыту қарқын алуда.

Астанада 20 жуық ірі құрылыс нысаны жұмыс істейді: спортшыдар мен қарапайым азаматтарға есігін айқара ашатын «Алау» мұзсарайы, теннис орталығы, «Астана Арена» стадионы, «Сарыарқа» республикалық велотрегі және т.б.

Бұл саланы одан әрі дамыту керек: жаппай жүгірулер, түрлі турнирлер ұйымдастыру, үйлердің аулаларында спорттық жабдықтарды орнату, фитнесс-орталықтардың қолжетімділік механизммдерін әзірлеу.

Өйткені тұрғындардың денсаулығы – қаланың тұрақты дамуының маңызды көрсеткіші.

Құрметті астаналықтар!

Алдағы атаулы шаралар жайлы бірер сөз.

Үстіміздегі жылы біз Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтеміз. Сонымен қатар, басқа да үлкен қоғамдық-саяси іс-шаралар мен оқиғалар болады.

Жақында қала басшылығымен өткен кездесуде Нұрсұлтан ӘбішұлыНазарбаев осыған назар аударып, алдағы уақытта елордада өтетін барлық мерейтойлық шараларды басты тақырып – халқымыздың бірлігіне, ынтымақ пен келісімге арнауды тапсырды.

Біздің басты мақсатымыз – елорданың барлық тұрғындарын, түрлі әлеуметтік топтарды қамтып, әрбір астаналықтың өз елінің, өзінің туған қаласының тағдырына ортақтастығы сезімін ояту керек.

Құрметті кездесуге қатысушылар!

Сіздердің сұрақтарыңызға көшпес бұрын мынаны айта кетейін.

Біз Әкімдіктің кеңсесіне, ресми сайттағы «Виртуалды қабылдау бөлмесі», «Халықтық бақылау» айдарларына және «051» қызметіне келіп түскен ресми хаттар арқылы жолдаған өтініш-тілектерініңізді мұқият талдадық. Айта кетейін, бұл қызметтер Әкімдік пен оның бөлімшелерініңелорда тұрғындарымен және қонақтарымен өзара байланысының пәрменді механизміне айналды.

Бұл халықпен тікелей және күн сайынғы пікір алмасу. Мен әкім ретінде тағыда атап өтпекпін, біз азаматтардың өтініш-тілектерін ұдайы тексереміз, бірде-бір шағым назардан тыс қалмайды. Лифттерде, аялдамаларда әдейі айдарларға сілтемелер мен телефондарды жазып қойдық. Осылайша, бүгінде өтініш-тілектердің саны 50 пайызға артты.

Мазмұны жағынан көтерілетін жүйелі мәселелер ммен жекелеген, жеке сұрақтар әрртүрлі болады. Бірақ оларды бірге алып қарасақ, алғашқы зәру мәселлердің төрттігіне келесі сұрақтар кіреді:

- тұрғын үй мен үлестік құрылыс;

- абаттандыру мен санитарлық жағдай;

- жол инфрақұрылымы;

- электр энергиясымен, жылумен және сумен жабдықтау.

Сонымен осы мәселелерді шешу үшін өткен кезеңде не істедік?

Қалалық билік тұрғын үй қорына бейресми ревизия жүргізді.Біз адамдардың қалай тұрып жатқанын көрдік, қандай мәселелер бар екен, коммуналдық қызметтердің жұмысынан бастап, кіреберістерде домофондардың болуына дейін.

Жоғарыда айтып өткендей, қалалық қоғамдық көлік қозғалысының жүйелілігі мен онда көрсетілетін қызметтің сапасы бойынша, сауда нысандарында, қала тұрғындары демалатын жерлерде, жарнама кеңістігінің жағдайы мен көптеген басқа мәселелер бойынша рейдтер жүргізілді.

Осы тексерулер барысында нақты шаралар қабылданды, соның ішінде ұйымдастырушылық және кадрлық сипатта, анықталған кемшіліктерді жою бойынша.

Біздің жұмысымыздың жаңа кезеңіндегі тағы да бір маңызды жайт барлық қалалық қызметтердің және органдардың жұмысының тиімділігін бағалауды бекіту. Осындай бағалаудың басты критериі азаматтардың қандай да болмасын бір қызмметке орай азаматтардан келіп түскен өтініш-тілектер саны болады.

Мен осы жұмысты бақылаймын, және Әкімдік бөлімшелері мен қалалық қызметтер азаматтардың өтініш-тілектеріне формальды түрде ғана қарап, жазбаша жауап қана жазып, орындау тәртібін бұзатынын білемін. Менің айтарым: осындайбірқатар басшыларға қатысты қатаң шаралар қабылданды.

Осы мақсатта халықты елордалық Әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері жүргізетін жұмыс туралы ақпараттандыруды арттыру үшін мақсатында «Астана» телеарнасында «Astana Live» арнайы жобасы қолға алынды. Үстіміздегі жылдың 12 ақпанында қалалық мемлекеттік мекемелердің басшылары «тікелей эфирде» азаматтарды толғандырған сұрақтарға жауап береді.

Барлық мәселелер бойынша, соның ішінде бүгінгі кездесуде қойылған сұрақтар бойынша оларды шешу үшін түбегейлі шаралар қолданылады, - деп қорытты Астана әкімі.

Құрметті астаналықтар!

Жоғарыда атап өткенімдей атқарылған іс аз емес. Бірақ алдағы жоспар одан да көп.

Стратегиялық және қысқа мерзімді жоспарлар қашан да басты назарда. Біздің жол – өткен мен бүгінді зерделеп, келешекке абыроймен қадам басу. Бүгін Сіздермен қаланың дамуы мен болашағына байланысты пайдалы мәселелерді бірге талқылаймыз деп сенемін.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz

Сәлеметсіз бе, мен Mr.iKomekпін - Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің iKomek бірыңғай байланыс орталығының виртуалды операторымын. Сервис алу үшін алғашқы тіркеуден өтіңіз немесе жеке кабинетке кіріңіз.
Введите свои данные.
Тіркеу сәтті өтті!
Жеке кабинетке кіру үшін өз логиныңыз бен кілтсөзіңізді енгізіңіз.
Өтініштің мән-жайын толықтай жазуды және болса фото/бейне материалдар тіркеуіңізді сұраймыз.
Сіздің өтінішіңіздің өңделу дәрежесін жеке кабинеттен қарай аласыз, сонымен қатар Сіз өтінішті тіркеу нөмірі бойынша іздеу қызметін пайдалана аласыз.
Өтініштің өңделу дәрежесі туралы ақпарат алу үшін өтініштің тіркеу нөмірін енгізіңіз.
Қандай да бір түйткіл туындады ма? Бұл сервисті тағы да пайдаланып көріңіз.
Енді Сіз iKomek орталығына өтініш жібере аласыз немесе өзіңіздің жеке кабинетіңізге кіре аласыз.
iKomek орталығының «Өтінішті іздеу», «Сауалнамадан өту» сияқты қосымша қызметтерін пайдаланыңыз.
iKomek орталығы бойынша қосымша ақпаратпен «FAQ» / «Жиі қойылатын сұрақтар» бөлімінде танысуға болады.
Нұр-Сұлтан – жайлы өмір сүруге арналған қала!
iKomek 109