«Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

  1. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі  Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің (бұдан әрі – әкім) қызметін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
  2. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне және өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
  3. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қазынашылық органдарында ашылған шоттары бар.
  4. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
  5. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
  6. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бұйрықтар түрінде құқықтық актілерді шығарады.
  7. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
  8. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, «Сарыарқа» ауданы, Бейбітшілік көшесі, № 11.
  9. Мемлекеттік органның толық атауы – «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі.
  10. Осы Ереже «Нұр-Сұлтанқаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесініңқұрылтай құжаты болып табылады.
  11. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
  12. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің  функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

         Егер «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер жергілікті бюджетінің кірісіне жіберіледі.

2. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

  1. Миссиясы: мемлекеттік саясатты жүргізуге ықпал ететін әкімнің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық қамтамасыз ету.
  2. Міндеттері:

         1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде әкімнің өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету;

         2) тиісті аумақты дамыту мүдделерімен және қажеттіліктерімен үйлестіре отырып, атқарушы биліктің жалпы мемлекеттік саясатын жүргізуді қамтамасыз етуге жәрдем көрсету;

         3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де міндеттер.

  1. Функциялары:

         1) Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, ақпараттық дамуы және халықаралық ынтымақтастық, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (бұдан әрі – АКТ) дамыту бағыттары бойынша әкімнің қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету;

         2) Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің орындалуын ұйымдастыру және қамтамасыз ету және олардың Нұр-Сұлтан қаласының аумағында орналасқан азаматтардың, кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің орындауын бақылау;

         3) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесімен, Қазақстан Республикасының Үкіметімен, Парламентімен, Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатымен, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерімен, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, қоғамдық ұйымдармен және азаматтармен өзара қарым-қатынасты қамтамасыз ету;

         4) сыртқы экономикалық қызмет және халықаралық байланыстарды дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету;

         5) мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру және әкімді тиісті жылға арналған Нұр-Сұлтан қаласын дамыту жоспарлары мен бағдарламалары жөніндегі іс-шаралардың орындалуы туралы ақпараттандыру;

         6) әкімнің қызметін және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің (бұдан әрі - әкімдік) әкімдік отырыстарын, қажет болған жағдайда консультативтік-кеңесші органдарын құжаттамалық қамтамасыз ету және қызмет көрсету;

         7) бюджеттік бағдарламалар әкімшісі ретінде әрекет ету;

         8) әкімдіктің Регламентіне сәйкес әкімдік қаулыларының, әкім қабылдайтын шешімдер мен өкімдердің, сондай-ақ «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің басшысы бұйрықтарының жобаларына қаржы-экономикалық, құқықтық және өзге де аспектілеріне сараптама жүргізу, сараптама нәтижесі бойынша қорытынды (анықтама) дайындау;

         9) әкімнің, оның орынбасарларының, «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі басшылығының қатысуымен мәжіліс өткізуді ұйымдастыру, мәжіліс материалдарын, хаттамаларын рәсімдеу және тарату;

         10) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау;

         11) әкімдік қаулыларының, әкім және оның орынбасарлары актілері мен тапсырмаларының, әкімдік отырыстары хаттамалық шешімдерінің орындалуын бақылау, осы мәселелер бойынша әкімді ақпараттандыру;

         12) жергілікті атқарушы органның норма шығару қызметінің тетіктерін жетілдіру бойынша шаралар қабылдау;

         13) әкімнің тапсырмасы бойынша соттарда әкімдіктің және әкімнің мүдделерін білдіру және қорғау, прокурорлық ден қою актілерін қарау;

         14) құпия іс жүргізуді, арнайы байланысты ұйымдастыру және жүргізу, хат-хабарларды өңдеу, нормативтік құқықтық актілердің талаптарына құпиялылық режимінің сәйкес келуін, әкімдік ғимаратына кіріп-шығу және объектішілік режимін қамтамасыз ету;

         15) мемлекеттік органдардың іс жүргізу талаптарының, оның ішінде құпиялылық режимін қамтамасыз ету және құпия іс қағаздарын жүргізу, сондай-ақ қорғау құралдарын және қорғалған баспа-бланкілік өнімдерін пайдалану жағдайының кешенді, тақырыптық және бақылап тексерілуін сақтау жөніндегі қызметін үйлестіру;

         16) Нұр-Сұлтан қаласының аумағында қызметін жүзеге асыратын әкімдіктің ведомствоға бағынысты ұйымдары мен коммуналдық кәсіпорындарына мониторинг жүргізу;

         17)«Нұр-Сұлтанқаласы әкімінің аппараты»  мемлекеттік мекемесініңжәне әкімдіктің номенклатурасына кіретін кадрлар бойынша ұсыныстарды зерделеу мен енгізуді ұйымдастыру, кадрлар резервін қалыптастыру, олардың оқуын, тағылымдамадан және қайта даярлаудан өтуін ұйымдастыру жолымен кадрлық саясатты жүзеге асыру;

         18) әкім тағайындаған немесе оның келісімімен тағайындалған кадрлармен жұмыс;

         19) «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің теңгеріміндегі материалдық құндылықтардың есебін жүргізу және олардың сақталуын бақылау;

         20) АКТ және ақпараттық жүйелерді енгізу, сондай-ақ деректермен алмасудың халықаралық стандарттарын, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жергілікті атқарушы органдардың қызметіне АКТ құру, енгізу және пайдалану үдерістерін енгізу;

         21) әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінде Бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды үйлестіру;

         22) бұқаралық ақпарат құралдарында әкімнің және әкімдіктің қызметін жариялауды қамтамасыз ету;

         23) мемлекеттік тілде іс жүргізуді кезең-кезеңімен енгізу;

         24)«Нұр-Сұлтанқаласы әкімінің аппараты»  мемлекеттік мекемесіндежәне оның құрылымдық бөлімшелерінде іс жүргізуді қалпына келтіру және жетілдіру;

         25) мемлекеттік орган қызметінің бағыты бойынша сапасын және оның жұмыс істеу өнімділігін арттыру мақсатында ішкі бақылауды жүзеге асыру;

26) мемлекеттік қызмет көрсету сапасының сақталуына бақылауды жүзеге асыру;

         27) Нұр-Сұлтан қаласының аумағында қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде құқық қорғау органдарымен өзара байланысты ұйымдастыру;

         28) Нұр-Сұлтан қаласының аумағында жедел ахуалды талдау және бағалау;

         29) Нұр-Сұлтан қаласының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс ахуалына талдау жүргізу;

         30) жұмылдыру кезеңінде, соғыс жағдайында және соғыс уақытында жұмыс істеуге мемлекеттік органдар мен ұйымдарды көшіру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру;

         31) әскери басқарудағы жергілікті органдарға, олардың бейбіт уақыттағы және жұмылдыру жариялау кезіндегі жұмысына көмек көрсету;

         32) Нұр-Сұлтан қаласында гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты іске асыру;

         33) гендерлік аспектілерді қарау және сақтау;

         34) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес іс жүргізу және хат-хабарды өңдеу;

         35) азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

         36) азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру;

         37) әкімдіктің, консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарын, жалпы қалалық қоғамдық-саяси іс-шараларды дайындау;

         38) әкіммен «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне жүктелген өзге де функциялар.

  1. Құқықтары мен міндеттері:

         1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан және өзге де ұйымдардан құжаттар сұрату және алу;

         2) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың қызметіне әдістемелік басшылықты жүзеге асыру;

         3) әкімдіктің, комиссиялардың, жұмыс топтарының отырыстарына, мемлекеттік органдар өткізетін іс-шараларға қатысу;

         4) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың, Нұр-Сұлтан қаласы аудандары әкімдері аппараттарының қызметкерлерін әкім мен әкімдік қарастыратын құжаттарды дайындауға қатысуға тарту;

         5) өз жұмысының ерекшелігіне сәйкес шетелдік ұйымдармен тікелей байланыстар орнату, ынтымақтастық туралы екі жақты және көпжақты шарттар жасасуға құқығы бар;

6) әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері көрсететін мемлекеттік қызметтерді ұсыну сапасының сақталуына бақылау жүргізу;

         7) алыс және таяу шетелдермен, халықаралық ұйымдармен және институттармен екі жақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктер арқылы елорданың беделін арттыру;

         8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру. 

3. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесініңқызметін ұйымдастыру

  1. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесін басқаруды жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.
  2. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің басшысын қала әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
  3. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
  4. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі басшысының өкілеттігі:

         1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

         2) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік ұйымдарда «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің мүддесін білдіреді;

         3) «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің құқықтық актілеріне қол қояды;

         4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі қызметкерлеріне сыйақы беру, материалдық көмек көрсету, тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;

         5) «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі  қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

         6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

         «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының  заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

  1. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдайды және оған дербес жауапты болады.

4. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесініңмүлкі

  1. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің мүлкі оған мемлекет берген мүлік есебінен қалыптасады және негізгі қорлардан және айналымдағы қаражаттан тұрады.
  1. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне бекітілген мүлік Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық мүлігіне жатады.
  2. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің өзіне бекітілген мүлікті иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату

  1. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz