Сенбілікке білім ұйымдарының 75 мыңнан астам өкілі шығады
20 сәуірде Астана тұрғындары 10 сәуір мен 10 мамыр
аралығында қала әкімдігі жариялаған экологиялық сенбілік аясында жалпықалалық
сенбілікке шығады. Өздерінің аулалары мен көшелерін, жинап, саябақтар мен
гүлзарларды қалыпқа келтіру, ағаш отырғызу
үшін барлық қала тұрғындары қатысады.
Білім басқармасы бұл іс-шараға сәуір айының басынан бері дайындық жұмыстарын жүргізуде. Ведомстводан хабарлағанындай, 8 сәуір күні Білім басқармасының алқа мәжілісінде жалпықалалық сенбілікке дайындық мәселесі мен оны ұйымшылдықпен өткізу қаралған болатын.
Бір ай бойы Білім басқармасы осы бір қоғамдық пайдалы жұмысқа ата-аналар мен балаларды, мектеп және колледж оқушыларын тарту үшін бірқатар акциялар өткізді.
Ведомстводан атап көрсеткеніндей, мектептерде сенбіліктің қала тазалығы үшін мәні мен маңызы туралы түсінік жұмыстары жүргізіліп, «Менің аулам – менің көшем» атты сынып сағаттары, сондай-ақ, ата-аналарға хат жазылып, сенбілікті өткізудің нұсқаулығы жасалды.
Барлық білім мекемелеріне 11 сәуір күні ата-аналар үшін 89 мың флайер жіберілді.
Білім басқармасы 13 сәуір күні педагогикалық ұжымдар мен мектеп оқушыларының қатысуымен экологиялық сенбілікті бастап та кетті. Бұл күні қала көшелерін ретке келтіру үшін 38117 педагог пен оқушы шықты. Соның ішінде Сарыарқа ауданынан - 18554, Алматы аудынынан – 16857 және Есіл ауданынан - 2706 педагог пен оқушы қатысты.
Ведомстводан хабарлағанындай, 20 сәуірде өтетін жалпықалалық сенбілікке білім ұйымдарынан – 77718 өкіл, соның ішінде, Сарыарқа ауданы бойынша – 36322, Алматы ауданы бойынша - 35379, Есіл ауданынан – 5937, Білім басқармасынан - 80 адам қатысуы жоспарланған.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz