Азаматтардың әлеуметтік әлсіз топтары қаланы абаттандыруға өз үлестерін қосты
Бүгін Астана көшелерінен қолына сыпырғыш пен күрек
ұстаған қала тұрғындарының жасын да, жасамысында көруге болады. Еңбектеген
сәби мен еңкейген кәріні жұмысқа жұмылдырған ортақ күш өзі тұрған қаланың
тазалығына деген жауапкершілік болса керек.
Мәселен, бүгінгі сенбілікте Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері белсенділік танытуда. Басқарма бастығының орынбасары Олжас Омардың айтуынша, таңертеңнен қала тазалығын реттеуге ведомстводан 580-ге тарта адам шыққан. Олардың қатарында – Басқарма қызметкерлері, құрылымдық бөлімшелердің, сондай-ақ, тұрақты мекен-жайы жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығының, жасы ұлғайған жандар мен мүгедектерге арналған медико-әлеуметтік мекеменің қызметкерлері мен осы мекемеде тұрып жатқан адамдар болды.
«Олар сенбілік өткізу жөніндегі біздің хабарламамызды түсіністікпен қабыл алып, өздері тұратын аумақты тазалап, жинауға қуана-қуана келісті. Бұл қалған қалалықтарға үлгі болып табылады»,- деді Олжас Омар.
Жасы ұлғайған жандар мен мүгедектерге арналған медико-әлеуметтік мекеменің директоры Кенжеболат Бапишев astana.kz сайтына осы мекемеден сенбілікке 27 адам қатысқанын қуана жеткізді.
«Қазір біз парк аумағын тазалап, ағаштарды әктеудеміз, - дейді директор. Одан әрі Ұлы Отан соғысының 68 жылдығына арналған салтанатты минингі өтетін 9 мамырға «Ардагер» гүлзарын әзірлеудеміз».
Шындығында, МӘМ қамқорлығындағы қариялар қолдарына күрек пен сыпырғышты шаттық көңілмен алды. Өйткені олар үшін сенбілік бірінші кезекте бір-бірімен араласу, өздерін қоғамдық жұмыстарға пайдалы санау, ең соңында аз да болса қаланың абаттандыру жұмыстарына өзінің үлесін қосу болып табылады.
«Мұндай сенбіліктер тек қалаға ғана емес, әр адамға берері мол ғибраттар. Неге десеңіз, қала көшелері тазарғаны өз алдына бір-бірімен емен-жарқын шүйіркелесіп адамдардың да жандүниесі тазараып қалады», - деп сырын ақтарды МӘМ тұрғыны Евгений Куликов.
Азаматтардың аталған санатындағы 30-ға тарта тұрақты мекен-жайы жоқ бейімдеу орталығының тұрғындары да қаланы абаттандырауға өз үлестерін қосты.
Бір таңқаларлығы, олар осы сенбілікке қатысуда белсенділік танытты. Олардың айтуынша, еңбек қатынасы тек өздеріне пайда әкеліп қана қоймай, айналасындағы адамдармен жақын араласуға, ұжымға тез сіңісуге мүмкіндік туғызатын көрінеді.
«Маған сенбілікке қатысу өте ұнайды, - дейді Орталық тұрғыны Роза Рябинова. – Бұл пайдалы еңбек. Бірге жұмысқа жұмылсақ бір-бірімізбен тез тіл табысып, жақынырақ танысып кетеміз. Таза ауада ән айтып, еркін тыныстағанға не жетсін», -дейді ол.
Орталық директорының міндетін атқарушы Мұрат Кариевтың айтуынша, мұнда концерттік бағдарлама да жоспарланған көрінеді. «Біздің қамқорлығымыздағы адамдардың ішінде даусы бар, ән салатын адамдар жетерлік. Солардың бірі - Қайрат Сатыбалдиев. Бұрын ол аудан орталығындағы мәдениет үйінің бастығы болған. Сенбіліктен кейін біз оның қатысуымен концерт өткіземіз. Ол ұжымының алдында қазақ, орыс, украин тілдерінде ән салады», - деді Мұрат Кариев.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz