Абаттандыру ережесін бұзған асхана иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Астана қаласының ІІД ЖПҚ табиғатты қорғау полиция бөліміне елорда тұрғыны шағымданды. Осыған байланысты асхана иесіне қатысты шара қабылданды.
Жеңіс даңғылы бойынша тұратын елордалық тұрғынның сөзіне қарағанда, «асхананың қызметкерлері қоқыс шығаруда қарапайым ережелерді ұстанбайды, астың қалдықтарын балалар ойын алаңы арқылы шығарып, майлы қоқыс қалдықтарын қалдырады».
Асхана иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК 505 бабын «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтары абаттандыру қағидаларын бұзу...» бойынша әкімшілік хаттама тіркелді, 30 АЕК мөлшерінде (68 070 теңге) айыппұл салынды. Табиғатты қорғау полиция бөлімінің қызметкерлері асхана иелерімен Астана қаласы маслихатының бекітілген шешімімен «Абаттандыру, санитарлық жабдықтау,жинау жұмыстарын ұйымдастыру және Астана қаласының аумағында тазалықты қамтамасыз ету» бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Абаттандыру ережесінің 72 қағидасына сәйкес «Контейнерлерге құрылыс қоқыстарын, өндіріс қалдықтарын, қаптарды, ағаш кесінділерін, жапырақтарды, қарды, сұйық тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды тастауға тыйым салынады». 83-1 тармағына сәйкес, «Тамақ және басқа да сұйық қалдықтарды мамандандырылған автокөліктермен арнайы бөлінген орындарға шығару жүргізіледі».
Астана қаласының ІІД Жергілікті полиция қызметі азаматтарға құқық тәртіп ережелеріне немқұрайлы қарамай, құқық бұзушылық жасалған ақпаратты 102 телефон нөміріне немесе жақын жерде орналасқан учаскелік полиция пунктіне хабарлауын сұрайды.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz