Астанада бейнебақылаудың жинақ жүйелері таныстырылды
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев жинақ бейне-бақылау жүйесі орнатылған тұрғын үй кешенінде болып қайтты деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Естеріңізге салайық, «Қазақтелеком» АҚ ұсынатын инновациялық қызмет түрі еліміздің барлық өңірлерінде 2017 жылдың қыркүйегінен қолжетімді. Қызмет көппәтерлі үйлерде тұратын қазақстандықтарды қауіпсіздікпен қамтуға және олардың өмір сүру сапасын жоғарылатуға бағытталған.
«Сандық трансформация саласына бизнес инвестицияларды тарту мақсатында МЖӘ жүйесін дамыту «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының тиімділіктерінің бірі. Бүгін бізге көрсетілген жоба жақсы нәтижелер береді. Жоба бизнес өкілдерінің бағдарламаларға инвестиция салып, оның іске асырылуына үлес қосуының жарқын үлгісі болса керек», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев.
Астана әкімі Әсет Исекешевтің сөзіне қарағанда, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігі МЖӘ негізінде шаһардың барлық аудандарында бейне-бақылау камераларын орнатуда.
«Қазіргі таңда бейне-бақылау камералары мектептерде, тұрғын үйлерде, аулалар мен саябақтарда орнатылып жатыр. Мұның барлығы, бірінші кезекте, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалады», - деді әкім.
Жүйе жұмысының таныстырылымы барысында инновациялық қызметтің негізгі ерекшеліктері ұсынылды. Жинақ бейне-бақылау жүйесі көппәтерлі үйлердің подъездеріндегі жағдайлардың мониторингін жасауға мүмкіндік береді. Ондағы ақпарат пайдаланушыларға ұялы құрылғылардың көмегімен онлайн режимінде және сервистің «жеке кабинетінде» ұсынылады. Құрылғы соңғы жеті тәуліктегі жазбаларды сақтай алады.
Бизнес-клиенттер үшін құрылғы 30 күндік жазбаны ұсынады. Келесі жылдың соңына дейін көппәтерлі үйлердің подъездерінде 60 мыңға тарта бейне-бақылау камералары орнатылады деп жоспарлануда.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz