Астана тұрғындары жалпықалалық сенбілікке шықты
Алдын ала мәлімет бойынша, Астанада сенбілікке 100 мыңдай адам қатысып, 5 мыңға жуық көшет отырғызылатын болады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жалпықалалық сенбілік «Біз – таза қала үшін!» ұранымен өтті. Таң атысымен жүздеген қалалықтар саябақ, гүлзар, аула маңайын тазалауға шықты. Сенбілікке ұжымдар, отбасылар қатысты және қаланың көркеюіне үлес қосқысы келетіндер де шет қалмады. Айта кетейік, сенбілікте тазалауға арналған қажетті заттарды сол жерде үлестірді.
«Мен зейнеткермін, жасым 70-ке таяп қалды. Бірақ әр сенбілік сайын шығып тұрамын, өйткені бұл экологиялық акция. Мен экологпын, сондықтан ағаштардың санының көбейгенін қалаймын. Ағаш – ол өмір, біздің қаламыздың тынысы мен өкпесі. Өйткені, ағашты көбейту қажет, әйтпесе көліктер саны артып барады», - деді шахматшылар гүлзарына көшет отырғызуға қатысқан Мұрат Иргибаев.
20 жылдықтың құрметіне орай мемлекеттік қызмет органдарына республикалық «90 мың ағаш» отырғызу акциясының бастамасы берілген болатын. Жыл соңына дейін республика бойынша мемқызметкерлер 90 мың көшет отырғызатын болады.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz