Астанада 400-ден астам кәсіпкер оқытылады
Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінде біліктілікті арттыру бағдарламасы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік басшылары оқытыла бастады. Оқу «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтуде. Бұл туралы astana.kz сайтына Назарбаев университетінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Кәсіпкерлерді оқыту елордада 2011 жылдан бері жүргізіліп келеді. «Биылғы жылы бағдарламаға 420 студент қатысуда. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда екі есе көп. Осыдан-ақ, аталған бағдарламаның табыстылығы мен сұранысын байқауға болады», - делінген хабарламада.
Биылғы жылы оқу Назарбаев университетінде үш күндік модульден басталды. Осы модуль аяқталғасын бірнеше аптадан кейін кейбір қазақстандық сарапшылардың заңдық, қаржылық, және консалтингтік қызметтер саласында вебинарлары өткізіледі. Оқытушыларынан қорытынды алғаннан кейін оқушылар нақты түрде бизнес-жоспар жасайды. Үлгілі бизнес-жоспар жасаған кәсіпкерлер өз жұмыстарын 2013 жылдың қазан айында өтетін оқудың аяқталуына арналған салтанатта қазылар алқасының назарына ұсынады.
Аталған бағдарлама мен сабақ беру әдістерін әзірлеуді 5-6 ай шамасында Назарбаев университетімен ынтымақтаса отырып, Дьюк (АҚШ) университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы жүзеге асырады.
«Біз Қазақстанның 21-ші ғасырда әлеуметтік және экономикалық жағынан дамуын басқаратын іскер басшылар мен кәсіпкерлерді дайындап шығаруға күш салудамыз. Біздің шағын және орта кәсіпкерлік басшыларының біліктілігін көтеруге арналған бағдарламамыз жаңа мүмкіндіктерді бағалап, коммерциялық негізділікті айқындайтын түрлі тәсілдер мен стратегия ұсынады. Сондай-ақ, жаңа жобалар бастауға деген сенімділіктерін арттырады», - деді Назарбаев Университеті Жоғары бизнес мектебінің деканы Рамон О’Каллахен.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz