2017 жылға қарай Астанада ШОБ субъектілерінің саны 54 мыңға дейін артады
2017 жылға қарай Астанада шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 54 мыңға дейін артады. Бұл туралы бүгін Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов ҚР Президентінің «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын талқылау бойынша қала активінің отырысы барысында мәлімдеді.
И.Тасмағамбетовтың айтуынша, елордада шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту өзекті мәселе болып табылады, себебі бүгінгі таңда Астана қаласының ЖӨӨ құрылымында қызмет көрсету саласындағы үлесі 60% асады.
«Бұл салада 190 мыңға жуық адам немесе еңбекке жарамды халықтың 2/5 бөлігі, 47 мың белсенді кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейтіндіктен әлеует бұдан әрі нығая түседі»,- деді әкім.
Оның атап өтуінше, мұнда мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктері маңызды рөл атқарады.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асырудың есебінен 2017 жылға қарай шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 54 мыңға дейін ұлғаяды. Сондықтан, бүгінде алдымызға жаңа міндет қойып отырмыз. 2020 жылға қарай ЖӨӨ құрылымында қызмет көрсету саласындағы үлес 80 пайызға дейін арттырылмақ. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар»,- деді Иманғали Тасмағанбетов.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz