Астаналық кәсіпкерлер профилактикалық тексерулер жүргізуді ұсынды
Елордалық кәсіпкерлер бұзушылықтың орын алу мүмкіндігі туралы алдын ала ескертілетін болады. Бұл туралы astana.kz сайтына Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Тексеру мәселелерін конструктивті шешу үшін қалалық Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдар мен бизнес қоғамдастыққа профилактикалық аудит жүргізуді ұсынды.
«Кәсіпорынға келіп, орын алуы мүмкін бұзушылықтарды атап көрсетіп, кәсіпкерлерді сол жерде үйрету керек», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бизнес қоғамдастық тексеруші құрылымдарға тағы да шағым түсірді. Тексерулердің басым бөлігін, яғни 80-90% санитарлық-эпидемиологиялық, өрт және салық қызметтері жүргізеді.
Өз кезегінде, Есіл ауданының прокуроры Біржан Мажренов шағын және орта бизнестің қызметіне заңсыз араласу фактілерінің әлі де орын алатынымен келісті.
«Көбі кәсіпкерлердің өздеріне байланысты. Бизнес идеялар мен ұсыныстарды Палатаның диалог алаңы арқылы жасап, жүзеге асыруы тиіс», - деді ол.
Қазіргі уақытта Астанада 49 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Елордалық кәсіпкерлер шығаратын өнімнің көлемі қаланың өңірлік жалпы өнімінің 40% асады.
Елордалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Мейірбек Мәжитовтың айтуынша, еліміздің бас қаласы бизнесті кәсіпкерлік жүргізудің эталонына айналуы тиіс. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер халыққа тек сапалы қызметтер мен тауарлар ғана ұсынып, ұдайы бизнес үдерісін жақсартып отыруы тиіс. Ал Палата бұған белсенді көмектесетін болады. «Әзірленіп жатқан «Бизнес картасы» кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсетуге, қазіргі өндірістік қуаттылықтар туралы ақпараттандыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бизнеске арналған оқыту семинарларын, дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланған. Кәсіпкерлер палатасы мен Астана қаласының әкімдігінің өкілдерінен бірлескен жұмыс тобы құрылды, оның отырысы жақын арада өтеді», - деді М.Мәжитов.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz