Бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде жүзден астам жоба мақұлданды
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау экономиканың өсуіне ықпал ететін маңызды тетіктің бірі болып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметіне сәйкес, «Бизнестің жол картасы -2020» кәсіпкерлікті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 26 931,7 млн.теңгені құрайтын 105 жоба мақұлданды.
«Соның ішінде жалпы сомасы 26 917,1 млн. теңге болатын 104 жоба екінші деңгейлі банктер арқылы пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау бойынша несиелендірілді. 14,6 млн. теңгеге өндірістік инфрақұрылым бойынша бір жоба қаржыландырылды», - делінген ведомствоның ақпаратында.
Айта кетейік, «Бизнестің жол картасы -2020» кәсіпкерлікті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы басталған уақыттан бері жалпы сомасы 171 928,7 млн. Теңгені құрайтын 1001 жоба мақұлданды.
«Қолданылған шаралар қаланың кәсіпорындарында жұмыс істеп келген 9 мыңнан аса және жаңадан құрылған 5,3 мың жаңа жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Бюджетке 21,5 млрд. теңге салықтық түсім түсті. Жалпы, аталған бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 12,4 млрд. теңге қаржы бөлініп, игерілді», - деді басқармада.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz