Сарыарқа ауданында энергия үнемдеуші жарықдиодты шамдар орнатылуда
Көше шамдарының жаңа стандарттары туралы «Сарыарқа» ауданының әкімі тұрғындарға есеп беру кездесуі барысында айтып берді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
«Жеке кездесулерде және әлеуметтік желілер арқылы тұрғындар аулаларды жарықтандыру мәселесін көтерді. Өткен жылы біз жарықтандырудың жаңа стандарттарын енгіздік. Біз ескі шамдарды жаңа энергия үнемдеуші жарықдиодты шамдармен ауыстырамыз. Олар фоторелемен жабдықталған. Бұл құрылғы энергияны үнемдеуге және үйдің жалпы жарығына төленетін қаражаттың жалпы сомасын азайтуға мүмкіндік береді», – деді Арман Тұрлыбек.
Әкімнің айтуынша, бұрынғы шамдардың қуаты 250 Вт болса, қазір үш есе төмен. Фоторелемен жабдықталған соң, жарықты өшіріп жағу қажет болмайды. Ол өзі жанып, өзі өшіп тұрады. Егер әр аула жарықтанса, қылмыс саны азаяды.
«Өткен жылы біз 520 үйдің ауласында 1141 жарық шамды орнаттық, оның 707-і – жарықдиодты шамдар. Осы жылы біз осы бағытта жұмыстарды жалғастырып, барлық аулаларға және көпқабатты тұрғын үйлердің кіре берістеріне жарықдиодты шамдар орнатамыз», – деді әкім.
Республика даңғылындағы көше шамдары жарықдиодты шамға ауыстырылды. Алдыңғы жылы Кенесары көшесі мен Сарыарқа, Абай даңғылдарындағы шамдар жарық диодты шамдарға ауыстырылған.
Есіл өзені жағалауындағы саябақта жарықтандыру тіректері мен шамдарды ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Шамамен 120 шам тірегімен бірге және 100 шам ауыстырылды.
«Ал жеке секторға келетін болсақ, барлығы 234 көше бар, оның 142-де жарық бар. Ал қалған 92 көшеге жарық орнату керек. Ол жұмысты осы жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, қалалық басқармалардың қарамағында 49 көше бар. Ол көшелер бізге берілмеген, кейде жарық өшіп қалып жатады, регламентті мерзімде кемшіліктер жойылады. Біз өзіміз үшін жарықты барлық жеке секторда орнатуға жоспар құрдық», – деді аудан әкімі Арман Тұрлыбек.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz