Агроқалашық тұрғын алабында 12 көше жөнделіп, мектептер салынып, тозығы жеткен үйлер сүріліп жатыр
Агроқалашық тұрғын алабы көркейіп келеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
«2018 жылы мұнда 12 көше жөнделіп,10 көшеге инертті материал төселді. Осы жылы тағы 28 көшені жөндеуге өтініш берілген», – деді тұрғындармен есептік кездесу барысында «Сарыарқа» ауданының әкімі Арман Тұрлыбек.
Одан бөлек, ескі мектептің орнына жаңа білім ордасы салынған. №20 орта мектеп 450 орынды болса, жаңа мектеп мың орынға есептелген. Бөкеев пен Оқжетпес көшелерінің қиылысында 1,2 мың орынға арналған мектеп құрылысы жүріп жатыр.
Тозығы жеткен ескі үйлер сүріліп жатыр. 2018 жылы Қаратал көшесі, 19 мекен жайы бойынша орналасқан үйде тұратын жандар жаңа үйге көшті. Герцен көшесі, 82 мекен-жайы бойынша орналасқан үйдің тұрғындары көшіріліп жатыр. Ал Герцен көшесі, 86 мекен-жайы бойынша орналасқан үйдің тұрғындары наурыз айында көшіріледі.
«Сарыарқа» ауданын дамытудың бес жылдық жоспарына сәйкес (2018-2022 жылдар) 15 үйдің тұрғындары көшіріледі. Ол 168 пәтерде тұратын 670 адам. Сүрілудің екінші кезеңіне санитарлық-техникалық талаптарға сай емес 24 үй кіріп отыр. Оның 11 үйі – Агроқалашық тұрғын алабында орналасқан», - деді әкім.
Одан бөлек, осы тұрғын алабының 48 көшесіне көше шамдарын орнату керек.
«Ол көшелерге жарық осы жылы орнатылады. Бұл жұмысқа кірісіп те кеттік. Қазіргі кезде Бесшатыр мен Жуков көшелерінде 16 жарықдиодты шам орнатылған. Жуық күнде қосамыз», – деді Арман Тұрлыбек.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz