Алматы ауданы өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша көш бастап тұр
Аудан кәсіпорындары өткен жылдың қорытындысы бойынша, 271 млрд теңгенің өнеркәсіптік өнімін өндірді. Бұл қалада өндірілген өнімнің жалпы көлемінің 51%-ын құрайды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
«Алматы ауданы өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша Астанада көшбасшы болып келеді. Ауданның өндірістік секторында 77 ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорын маңызды рөл атқарады. 2018 жылы 7 жаңа өндіріс іске қосылып, 800 жұмыс орны ашылды», – деді аудан әкімі Әділбек Сәрсембаев халыққа есеп беру кездесуінде.
Оның мәліметінше, индустриялық парктің кәсіпорындары өткен жылы бюджетке 10 млрд теңгеден астам салық төлеген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 700 млн-ға артық. Төленген салықтардың негізгі үлесі машина жасау, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс кәсіпорындарына тиесілі.
Аудан кәсіпкерлері жоғары көрсеткіштерді көрсетуде. Олар 743 млрд теңгеден астам сомаға тауарлар мен өнімдер сатты. Бұл елорданың жалпы қалалық көлемінің 30%-ын құрайды. Бөлшек тауар айналымының көлемі 408 млрд теңгеден асты. Бұл қаланың жалпы тауар айналымының 41%-ын құрады
«Ауданда мұндай көрсеткіштерге қол жеткізуге кәсіпкерлердің жоғары іскерлік белсенділігі, оның ішінде 3 ірі базар, 27 сауда үйі, 2000-ға жуық дүкендер кіретін сауда инфрақұрылымы ықпал етті. Ауданда барлығы 73 мың кәсіпкерлік субъектісі қызмет етуде. Шағын және орта бизнес жұмыс орындарын құру, салық түсімдерін арттыру және бюджетті қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосып келеді. Сондықтан да ауданда кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді», – деді әкім.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz