Әкімдік тұтынушыға сапалы көмірді тікелей жеткізу бағдарламасын әзірлеп жатыр
Қаладағы қатты отынға қатысты мәселе Бақыт Сұлтановтың есеп беру кездесуінде көтерілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қыс суық болды, көмір көп мөлшерде жағылды. Сату нүктелеріндегі жетіспеушілік, ұзақ кезектер, бағаны көтеретін делдалдар сияқты проблемалар жеткілікті. Бұл бағытта жүйелі жұмыс бар ма?», – деп сұрады кездесуге қатысушы.
«Мен бұл процесті жеке бақылаймын. Әрбір аппараттық кеңесте біз көмір қоры туралы ақпаратты тыңдаймыз. Мен көмір сатылатын орындардың бәрін өзім араладым. Жүк тиеу және түсіру орындарына машиналардың қалыпты кіруін ұйымдастырмаған сатып алушылар мен сатушылардың өздері жағдайды ушықтыра түседі. Сондықтан біз бұл жұмысты ретке келтірдік, бұрынғыдай ретсіздік жоқ. Әр аптада бізде көмірдің 13-14 мың тонналық қоры бар. Оған қоса, біз Үкіметпен бірге өткен жылдың күзінде бүкіл ел бойынша және Астанада отын бағасының өспеуі үшін жұмыс жүргіздік. Сонымен қатар, біз барлық сатушылармен меморандумдар жасап, бағаның 15-20%-ға төмендеуін қамтамасыз еттік», – деді Б.Сұлтанов.
Сонымен қатар, ол тұрғындарды сапалы көмірмен қамтамасыз ету үшін әкімдік әзірлеп жатқан жаңа жоба туралы айтып берді.
«Көмір кен орнынан вагондарға, вагондардан тұйыққа, тұйықтан жүк көліктерге, кейін қайта алыпсатардан сатып алушыларға дейін тасымалданса, бұл көмір құм түрінде жетеді. Егер мұндай құм пешке жағылса, ол дереу ұшып кетеді. Сіз бен біз бірге дем аламыз. Сондықтан біз мүмкіндігінше брикеттелген сапалы көмірді Астанаға кен орнынан тікелей жеткізуге мүмкіндік беретін бағдарламаны әзірлеуге кірістік.
Бірақ мұнда пештермен жұмыс істеу керек. Егер жекеменшік үй иесі 17 мың теңгеге көмір сатып алса, онда ол маусымда 170 мың теңге жұмсайды деп есептейміз. Қазір біз 170 мың теңге жұмсайтындай бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Бірақ бұл ақшаға тұтынушы, біріншіден, көмірді аз жұмсаса, екіншіден, ұзақ мерзімді бөліп-бөліп төлеу арқылы өз пешін тиімді түрде ауыстыра алады. Сіздің қолдауыңызбен біз мұндай бағдарламаны әзірлейтін болсақ, менің ойымша, бұл экологияға да оң әсер етеді», – деп толықтырды Бақыт Сұлтанов.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz