Достық үйінде Алғыс айту күні аталып өтті
Елордалық этномәдени бірлестіктер Алғыс айту мерекесін «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты қайырымдылық жәрмеңкесімен және концерттік бағдарламамен атап өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Достық үйінде қолданбалы өнер және ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтуде. Этномәдени бірлестік мүшелері ұлттық тәтті тағамдар, кәдесыйлар, картиналар, қолмен жасалған ойыншықтар мен қолөнер бұйымдарын қойған.
Ұйымдастырушылар хабарлағандай, жиналған қаражат «Асыл адам» қоғамдық қорына беріледі. Қор ол қаржыға Қарағандыда құлаған үйде тұрған отбасыларға үй салуға жұмсайды.
Қонақтар бауырсақ, құрт, палау және қымыздан дәм татты.
Мерекелік шараға Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов жиналған қауымды мерекемен құттықтап, бақыт, бейбітшілік, достық және келісім тіледі.
«Бұл мереке әр Қазақстан азаматының жүрегінде. Елімізде өткен ғасырда тағдыр қиындығына түскен адамдардың өмір жолына нем құрайлы қараған адам, отбасы жоқ шығар. Саяси желеумен миллиондаған адам, ұлт өз туған елі мен жерінен көшірілді. Бірақ қазақ елі мен жері олар үшін туған үйіндей болды. Біздің көпэтносты, көпконфессиялы елде тұрақтылық пен бейбітшілік орнаған. Мемлекет басшысы саясатының арқасында дәл осы Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық қазақстандықтардың басын біріктіретін күшке айналды», – деді Нұрлан Нұркенов.
Алғыс айту күні мерекесіне қаладағы барлық этномәдени бірлестіктер атсалысты.
«Злата» Болгар этномәдени орталығы Астанада 2011 жылы құрылған болатын. Этномәдени орталықтың тіршілігі туралы орталық жетекшісі Ольга Андриевская айтып берді.
«Астанада болгарлар өте аз. Соңғы санаққа сай қалада 100 болгар тіркелген. Олардың тек 15 – таза болгарлар. Сол себепті біздің орталықтың әр мүшесі бізге алтыннан қымбат. Біздің орталыққа кез-келген қазақстандық мүше бола алады. Біздің орталық шағын ғана, бірақ біздің құшағымыз жақсылыққа, достыққа әрдайым ашық. Бұл – біздің еліміздің мақтанышы. Бәріміз достықта, келісімде, бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз», – дейді орталық жетекшісі.
Ольга Андриевскаяның айтуынша, еліміз бойынша болгарлар Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы және Атырау облыстарында тұрады.
«Менің туған жерім – Павлодар, менің ата-бабам столыпин реформасы кезінде өздері ерікті түрде Қазақстан жеріне келген. Ақтөбелік болгарлар да өз еріктерімен келген. Ал Қарағанды мен Атырау облысындағы болгарлар – қуғын-сүргін және депортация салдарынан келгендер. Ол кезде болгарларды корейлерді, немістерді және басқа да көптеген этностарды да сенімсіз халық ретінде қабылдаған», - дейді ол.
Алғыс айту күні Қазақстанда 2016 жылдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен аталып өтуде. Бұл күні Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Мереке Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күні, 1 наурызда аталып өтіледі.
Суреттер: Влада Гук
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz