Тарихи шешім: өнер саласының өкілдері Елбасының өкілеттігі тоқтауына қатысты өз пікірлерін білдірді
Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Сексенбаев ел Президенті ретінде Елбасы өкілеттігінің тоқтауына қатысты өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Айболат Сексенбаев бұл шешімді «Жастар жылында» болашаққа деген сенімді нығайту үшін жасалған нық қадам екендігін айтып, Елбасының Қазақстан атты Тәуелсіз елді құрудағы елеулі үлесін атап өтті.
«Тарихи шешім! Қимастықпен қабыл алдық!
Бұл – Қазақ елінің жаңаша өрлеу дәуірі, «Жастар жылында болашаққа деген сенімді нығайту үшін жасалған нық қадам! Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Ел үшін жасаған маңызды шешімдеріңізге мың алғыс. Геосаяси, экономикалық, әлеуметтік, ішкі-сыртқы саяси тұрақтылықты қамтамасыз еткен сындарлы саясатыңыз – Тәуелсіздік пен Тұрақтылықтың кепілі болды. Ел абыройы асқақтады, болашаққа деген сенім нығайды. Астананы – «Тың даласынан» «Тың қалаға» айналдырдыңыз! Бүгінгі күн ертеңгі тарихқа айналары сөзсіз. Ұлы шешімдерге толы ғұмырыңыз Ұлағатты ұрпақ есінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз. Амандығыңызды тіледік», – деп жазды ол.
Танымал сатира актері Тұрсынбек Қабатов та инстаграмдағы парақшасында кешегі жаңалықты қимастық сезіммен қабылдағаны туралы айтады.
«Кеше Елбасымыздың үндеуін көргенде сенер сенбесімізді білмей, жүрегіміз сыздағаны рас. Жаңа ғана үкімет отырысында орныңыздан тұрып елмен қоштасып жатқаныңызда көзіміз еріксіз жасқа толды. Әрине, ол сізге деген қимастық сезім.
Бейбітшілікте тербелген бақытты өміріміз үшін рақмет! Сіз «Тұңғыш Президент» ретінде қазақтың жүрегінде, ел тарихында мәңгі қалдыңыз.Сізге ұзақ өмір, зор денсаулық тілеймін», – деді Т. Қабатов.
Осы ретте өз пікірлерін сондай-ақ, Мақпал Жүнісова, Алтынай Жорабаева, Айгүл Иманбаева сияқты өнер саласының өкілдері де білдірген.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz