Елорда мәслиxаты Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді қолдады
Алтыншы шақырылған Астана мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сессиясы барысында Қазақстан астанасын Нұр-Сұлтан етіп қайта атау туралы бастаманы қолдады, деп хабарлайды елорда әкімдігі ресми сайтының тілшісі.
Негізгі баяндамамен қала әкімі Бақыт Сұлтанов сөз сөйледі. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешімін «Тарихи» деп атады.
«Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен атауды ұсынды. Қала әкімдігі еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы ұсынысты толықтай қолдайды», – деді Бақыт Сұлтанов.
Ол Астананы Нұрсұлтан Назарбаевтың перзенті және Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерінің көрінісі деп атады. Оның бағалауынша, қала елдің өсіп келе жатқан рөлін, қуатын және одан әрі дамуының жоғары әлеуетін көрсетеді.
«Нұрсұлтан Назарбаев біздің қаламыздың бет түзейтін, Қазақстан халқын біріктіретін және қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің, гүлденудің өзекті тірегі болып табылатын жоғары мәртебесін әрдайым тілге тиек етіп отырады.
Астана атауын оның құрметіне өзгерту қазақстандықтардың болашақ ұрпақтарына оның саяси даналығы мен тарихи миссиясының ұлылығын паш етеді. Қала әкімдігі жаңа мемлекет басшысының елорданы Нұр-Сұлтан етіп қайта атау туралы идеясын бірауыздан қолдайды. Біз сондай-ақ өз тарапымыздан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдай отырып, елордамыздың дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерді қалыптастыруға атсалысамыз», – деді Б.Сұлтанов мәслихат депутаттарына.
Депутаттар бұл шешімді қолдады.
Айта кетейік, Астана қаласын Нұр-Сұлтан етіп қайта атау туралы ұсыныс ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жіберіледі.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz