Астаналық ҚХА өкілдері Өзбекстан жастары дүниежүзілік қауымдастығының мүшелерімен кездесті
Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының Өзбек этномәдени орталығы мен Дүниежүзілік өзбек жастары қауымдастығының өкілдері кездесті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Пікір алмасу барысында тараптар өзбек тілін оқыту курстарын ашу, этникалық мектептерге арналған оқу әдістемелік құрал шығару, өзбек этномәдени орталығын кітаппен, ұлттық құралдармен, ұлттық киімдермен қамтамасыз ету және қоғамдық-мәдени шараларды ұйымдастыру мәселелерін талқылады», – делінген Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА-ның хабарламасында.
Қазақстандағы Өзбекстан Республикасы Елшілігінің консулы Д.Хакимов; Өзбекстан жастары дүниежүзілік қауымдастығының төрағасы М.Алимбаев; Шетелде оқитын жастармен жұмыс бөлімінің басшысы А.Комилов; Қызметтегі жастармен жұмыс бөлімінің бас маманы А.Урмонов осындай отырыстардың маңызын атап өтті.
Ал Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Өзбек этномәдени орталығының өкілдері – Ш.Пулатов, А.Шарипов, М.Абдужаббаров, С.Юлдашев қонақтарға естелік сыйлықтарды тарту етті.
Кездесу соңында тараптар өзбек этносына қолдау көрсетіп, түрлі іс-шараларды бірлесе атқарып жатқаны үшін қазақ еліне, елорда әкімдігіне, Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясына алғысын білдірді.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz