Елордада соғыс ардагерлеріне қолдау көрсету шаралары жалғасуда
«Белсенді ардагер» акциясы 29 сәуірде басталып, 29 мамырға дейін жалғасады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Оның аясында мүмкіндіктері шектеулі адамдарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға диагностикалық, аспаптық және зертханалық зерттеулер, медициналық және сауықтыру іс-шаралары кешені жүзеге асырылуда.
Үш аптаның қорытындысы бойынша 2 128 мүгедек, соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдар (оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1018 ауған соғысы жауынгері) тексерілді. Медициналық тексерістен Чернобыль АЭС залалын жоюға қатысқандар, Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтарынан зардап шеккен 258 адам, сондай-ақ, әскери қызмет атқару кезінде қаза тапқандардың отбасылары, концлагерьлердің тұтқындары және 348 зейнеткер өтті. Сондай-ақ, күндізгі стационарда 67 адам емделіп, мүгедектер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген 102 адам стационарда амбулаторлық көмек алды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер медицина қызметкерлерімен бірге жұмыс істейді. 1500-ге жуық адам психолог пен әлеуметтік қызметкерден кеңес алды. Сонымен қатар, ардагерлердің тұрмыс жағдайы тексерілді.
«Ардагерлердің эмоционалдық жағдайы қанағаттанарлық. Олар балаларымен бірге тұрады, қамқорлық жақсы», – деп атап өтті № 4 емхананың психологы Бота Шопанова.
Сондай-ақ, 6 мамырда №4 қалалық емханада ардагерлерге арналған мерекелік кеш өтті. Опера және балет театрының әртістері Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін соғыс жылдарының әндерін орындады.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz