«Алтын Тобылғы» әдеби байқауы өтінім қабылдау жалғасып жатыр
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры 2019 жылғы 1 шілдеден бастап дәстүрлі «Алтын Тобылғы» әдеби байқауына өтінімдер қабылдауды бастады. Сыйақының жалпы қоры – 5,5 миллион теңге, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Шығармалар «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік балаларға арналған шығарма» номинациялары бойынша қабылданады. Әр жеңімпазға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындалады.
Жастар жылына арналған арнайы номинация «Ұлы даланың жасампаз ұрпағы» тақырыбында жазылған «Ең үздік шығарма» деп аталады. Сыйақы көлемі 1,5 миллион теңгені құрайды.
Байқауға еліміздің 18-35 жас аралығындағы жас дарындар қатыса алады және бұдан бұрын еш жерде жарияланбаған туындылар at2019@fpp.kz сілтемесі бойынша қабылданады. Шығармаларды еліміздің танымал мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистерден құралған қазылар алқасы сараптайды.
Байқауға ұсынылған жұмыстар жанрға сәйкестік, ойлау дербестігі, авторлық ұстаным, баяндау реттілігі мен мағыналылығы, идея ерекшелігі, әдеби-көркем құндылығы, көркемдік қиял мен шығармашылық көзқарас, эстетикалық әсер тереңдігі сияқты өлшемдер бойынша бағаланады. Байқауға ұсынылған туындыларды бағалау әділдігі барынша жетілдірілген. Шығарма лақап атпен қабылданып, сараптау кезінде қазылар алқасы шығарма авторларының есімдерін алдын ала білмейді.
Өтінімдер 2019 жылдың 1 қарашасына дейін қабылданады. Жеңімпаздар есімі (сыйлық лауреаттары) желтоқсан айында белгілі болады.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры «Алтын Тобылғы» әдеби байқауын талантты жас авторларды анықтау және қолдау мақсатымен 2015 жылы тағайындады. Байқау әріптесі – Мемлекеттік тілді дамыту қоры.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz