Ел астанасында демалыс күндерін қалай өткізуге болады
Алдағы уикендта Нұр-Сұлтанда елордалық командалардың қатысуымен бірден екі матч өтеді. Бұл демалыс мәдени-ойын-сауық іс-шараларынсыз қалмайды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Бүгін «Көрме» залында SuluExpo 2019 сұлулық индустриясының 18-ші халықаралық көрмесі басталды. Қонақтарды республикалық ауқымдағы чемпионаттар, өңірлік деңгейдегі конкурстар, өзекті тақырыптар бойынша конференциялар күтуде. Танымал шеберлердің қатысуымен барлық бағыттағы мастер-кластар, Қазақстан мен Ресейдің үздік сұлулық сарапшыларының оқу семинарлары, тренингтер көрменің сәнін кіргізеді. Сонымен қатар, көрме алаңында өз саласының беделді мамандарының форумдары, сондай-ақ директорлар мен сұлулық индустриясы мамандарына арналған «Sulu Boom» лотерея ойыны өтеді.
Іс-шара 9 қарашаға дейін жалғасады, билетті баратын күні тіркеу орнынан алуға болады.
Сенбі, яғни 9 қараша күні «Сарыарқа» велотрегінде «Астана» президенттік баскетбол клубы мен Цмоки-Минск баскетбол клубы кездеседі. Жанкүйер қауымды қызықты ойын күтіп тұр. Себебі бұл екі команданың арасындағы теке-тірес әрдайым тартысты өтеді. «Астана – Цмоки Минск» матчына билеттерді онлайн сатып алуға болады, құны 200 теңгеден басталады. Ойын уақыты 15:00-де.
Күндіз «Астана Арена» стадионында футболдан «Астана» командасы Павлодардың «Ертісімен» кездеседі. Қазақстан премьер-лигасы аясында өтетін ойын 10 қараша күні сағат 15:00-де басталады. Билет құны – 500 теңгеден.
Сол күні кешке Бейбітшілік және келісім сарайының залында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Қабатовтың «Тұрсынбек Қабатов 40 жыл» атты жеке әзіл-сықақ концерті өтеді. Әзіл кеші сағат 18:00 басталады. Билеттің ең төменгі бағасы – 3000 теңге.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz