Елорданың шығармашылық ұжымдары карантин кезінде немен айналысуда
Әкімдіктің ресми сайты шығармашылық ұжымдар, музейлер мен цирк қызметкерлерінің карантин кезінде немен айналысатынын сұрап білді.
Елордалық циркте шоулар мен қойылымдар өткізілмесе де, жұмыс тоқтамаған. Мекеме өкілдерінің айтуынша, қазір техникалық мәселелер шешімін табуда – жылу маусымына дайындық, энергия үнемдеу жұмыстары жүріп, әртістерге сахналық костюмдер дайындалуда. Шығармашыл труппа жаңа маусымға дайындықпен қатар, онлайн-жобалармен де айналысуда.
Цирктің онлайн режимі – әртістердің күнделікті тікелей эфирлері; қойылымдар мен нөмірлер мұрағаты, сондай-ақ «Эхо Азии» цирк өнері фестивалінің үзінділерін эфирге шығару; әртістермен онлайн сұхбат; Қазақстандағы және әлемдегі цирк өнерінің тарихы туралы күн сайын әлеуметтік желіде және ресми сайтта жарияланады.
Сонымен қатар әртістер гимнастика, акробатика, эквилибристика, жонглерлік, дрессура және т.б. бойынша шеберлік сыныптарын өткізеді. Сондай-ақ мамандар жануарларды күту мен баптау бойынша кеңестер беріп, үйде спортпен шұғылдануға арналған видео-сабақтар, челлендждер өткізеді.
Сәкен Сейфуллин мұражайы Instagram және Facebook әлеуметтік желілері арқылы оқырмандарға түрлі бағыттағы 127 іс-шара ұсынды. Атап айтқанда: онлайн көрмелер, бейне және аудио онлайн турлар, конкурстар, дәрістер, зерттеулер, түрлі саладағы деректі фильмдер.
Бейбітшілік және келісім сарайының шығармашылық ұжымы барлық сабақтарды онлайн режимде өткізеді. Карантин кезінде балаларды Zoom және басқа бағдарламалар арқылы би билеуге, ән айтуға және актерлік шеберлікке үйретеді.
«Осылайша бізде барлығы 180-ге жуық адам сабақ алуда. Балалар үй тапсырмасын WhatsApp арқылы видеомен жібереді. Сондай-ақ егер кейбір жаңа би қимылы түсініксіз болса, мұғалім өзі қайталап, видео арқылы жібереді. Хор мүшелері бейне конференцияда ән айтады», - деді Бейбітшілік және келісім сарайы шығармашылық ұжымының көркемдік жетекшісі Яна Чигаркова.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz