Урбанистика орталығында «Нұр-Сұлтан - жайлы қала» бас жоспарын іске асырудың алғашқы нәтижелері айтылды
Урбанистика орталығы халықаралық ғарыштық Space Syntax командасымен бірлесіп «Нұр-Сұлтан - жайлы қала» бас жоспарын жасады. Бұл әртүрлі мүдделі топтарды ескере отырып жасалған қаланы дамытудың әлеуметтік-экономикалық стратегиясы.
«Нұр-Сұлтан - жайлы қала» бас жоспары аясында 3 нақты мақсат қойылды:
1) Адамдар үшін жайлы қала.
2) Қоршаған ортасы тұрақты қала.
3) Белсенді өмір салты бар салауатты қала.
Бас жоспар тактикалық және стратегиялық жобаларға негізделіп жүзеге асырылады. Тактикалық жоспарлар тұрғындар үшін жайлы жағдай жасауға бағытталған.
«Осы мақсатта биыл қалалықтарды тарта отырып, қоғамдық орындарды, аулаларды бірлесіп абаттандыру және елорда көшелерін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Қоғамдық пікірталастар қала тұрғындарын тарта отырып өткізілді. Біз 40 аула мен 20 қоғамдық орынға, оның ішінде «Жастар» ықшамауданындағы 27 аулаға арналған жобаларды жүзеге асырдық.
Абаттандыру бағдарламасы шеңберінде тротуарларды кеңейту, велосипед жолдарын бөлу, қажетті инфрақұрылым құру бойынша жұмыстар жүргізілуде және Омаров к-сі, Бөгенбай батыр даңғылы, Бейбітшілік (7.1 км), Қосшығұлұлы, Сейфуллин (2,5 км) көшелері, Абай даңғылы (3 км), «Еуразия» сауда үйінің аумағын (14,3 км) қайта құру жобалары әзірленді», - деп жазды елордалық урбанистика орталығы басшысы Елнар Базыкен өзінің «Instagram» парақшасында.
Сондай-ақ Есіл өзені бойындағы саябақ кластерін біріктіру стратегиясына сәйкес, Триатлон паркі мен Президент саябағы біріктірілді. Келесі жылы Атырау көпірі арқылы веложол салу және Триатлон паркі мен Астана саябағын біріктіру жоспарланған.
Елордада қысқы қоғамдық орындарды дамыту тұжырымдамасы жасалды.
Қысқы демалысты сүйетіндер үшін «Nur-Sultan Snowpark» сноубордшыларға арналған жасанды сырғанағы ашылды.
Сарайшық және Пушкин көшелеріндегі қоғамдық орындар абаттандырылды. Мұнда спорт, балалар ойын алаңдарымен, фуд-кортпен және паблик-арт нысандары бар көрікті орын пайда болды.
200-ден астам жоба, ұзындығы 27 км болатын көшелерді қайта құру жобалары жасалды.
Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігімен және QazUrban қауымдастығымен бірлесіп урбандистердің халықаралық форумы өтті», - деп жазды Елнар Базыкен.
Айта кетейік, «Нұр-Сұлтан - жайлы қала» бас жоспары елорданың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы аясында жасалған.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz